Қазақы нақышта безендірілген аула

770

Қазақылықты сақтаған Шымкент тұрғындары аулаларын да қазақы нақышта безендіре бастады. Көздің жауын алатын сұлулықты Ғани Иляев көшесіндегі 40-үйдің ауласынан таба аласыз. Идея авторы Дана Бектаеваның негізгі мақсаты ежелгі дәстүрді ұмыт қалдырмай, қайта кейінгі буынға жеткізу екен.

Қазақы иісі алыстан сезілетін бұл аула Ғани Иляев көшесінде орналасқан. Әжелеріміздің киіз бетіне түскен қошқар мүйізі заман ағымынан қалмай енді бетон беттерін безендіре бастады. Ал одан көзіңізді ала берсеңіз, қанталапай сынды ұлттық ойынның негізгі құралы – асықтар ілініп тұр.

Дана Бектаева, қала тұрғыны: «Балалық шағым осы аулада өткен. Араға біраз уақыт салып, осы жерге қайта оралдым. Содан кейін абаттандыру жұмыстарын қолыма алып, күн сайын бір жұмысты тындырамын. Алғашында ойын балалары жасағанымды бүлдіріп кететін. Кейін ақырындап түсіндіріп, қазір олар маған қолқанат. Кейінгі ұрпақтың қазақы қалыпты сақтауын қалаймын. Осы жұмысымның барлығы солар үшін».

Қаладағы ойын баласын қазақылыққа еліткісі келген Дана Бектаева есік алдына періште ана мүсінін де орнатқан. Айтуынша ақ жаулықты ана көшеге шыққан жеткіншектерді жамандықтан қорғап тұрады. Ал, көпқабатты пәтер есігі қарабайыр қара түсте емес, ою-өрнекті қызыл кілемдей.

Дана Бектаева, қала тұрғыны: «Бұл жерде қазақтың ежелгі оюы өрнектелген. Түрлі діндер елге таралмай тұрып, қазақтың өмірді қалай көргендігін байқауға болады. Мұндағы түрлі жолақтар, жолың ашық болсын деген ырыммен салынған. Одан өзге оюлар төртқұлақ және ботагөз деп аталады. Жалпы мұның барлығы да көл бетіне түскен».

Үшінші қабатта тұрса да ауланың әдемілігін өз қолына алған Дана Бектаева абаттандыруды 4 жыл бұрын бастаған. Айтуынша бұл жұмыстың ортаңғы шебі. Қиялына қанат бітірсе, алда оны күтетін жұмыстар көп екен.

Назерке Үкібасова