101 000 теңге кімге беріледі?

880

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жыл басында халық алдында есеп беру кездесуінде тұрмысы төмен отбасыларға 101 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілетінін хабарлады. Әкімнің сондағы айтуынша, мегаполисте 31 мыңнан астам көп балалы ана бар. Ал 3200 көп балалы отбасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен, тұрмысы нашар. 1 реттік әлеуметтік көмек тамыз айында төленбек. Қазір құжаттар қабылдануда. Дегенмен, халық аузында «мектеп формасына жәрдемақы» аталып кеткен әлеуметтік төлемді екінің бірі алмайды. Аталған көмекті кімдер ала алады? Сұрақтарға жауап алу үшін кейіпкер кейпіне ендік…

«АӘК» АЛҒАННЫҢ БӘРІНЕ БЕРІЛМЕЙДІ

101 мың теңге туралы айтылғаны сол еді, «Нұрсәттегі» жұмыспен қамту орталығында ине шаншар орын қалмады. Бұл жолы халық 21 мың теңгенің жырымен емес, 101 мың теңгенің қамымен жүр. Біз де солардың қатарына ілестік. Кезегіміз жылжығанша, неше түрлі ақпардан құлағдар болдық. Ешқайсысы нақты ақпаратты білмейді. Әркімнен естіген қаңқу сөзге ереді. Сөйтіп, кезегіміз жылжып, маманның алдына біз де жайғастық.

– «Көпбалалы, отбасылық табысым күн көріс деңгейінен төмен (70%-20789 тг) болғандықтан атаулы әлеуметтік көмекті алып отырмын. Сондықтан да менің де 101 мың теңгеден үлесім бар» деген ойыңыз қате,-деді құжатты қабылдап отырған маман.
Оның сөзінше, АӘК-ні тағайындау кезінде жан басына шаққанда орташа табыс – 20789 теңгеден аспау керек болса, 101 мың теңге тұрмысы нашар, орташа табысы жан басына шаққанда – 2 АЕК-тен, яғни 5050 теңгеден аспайтындарға ғана тиесілі.

КІМДЕР АЛА АЛАДЫ?

Әрине, бұл сұрақ көпшілікті қызықтырып отыр. Себебі, жұмыспен қамту орталығына құжатын өткізуге барғандардың жартысынан көбі құжатын өткізе алмай кері қайтуда. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Ұлдана Бекбаудың айтуынша, әлеуметтік көмектің бұл түрін:

– 3 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған жалғызілікті аналар (4 формасы бар);
-Еңбекке қабілетсіздер (мүгедектер) ала алады.

Маманның сөзінше, бала 3 жасқа толған жағдайда анасы міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Әйтпесе, «әлеуметтік көмектің критерийіне сай келмейді».
Ескеретін тағы бір жайт, жұмыспен қамтылған жалғызілікті ананың жалақысы жан басына шаққанда 5050 теңгеден аспауы керек.
Есептеп көрелік.
Анасының 5 баласы бар делік. 3 жастан асқан.
Отбасында 1+5=6 адам. Жалақысы – 42500 тг. Мұндайда: 42500/6 =7083. Бұл осы отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы.
Бұл жағдайда 101 мың теңгелік көмек берілмейді. Көптеген кейіпкерлеріміздің жағдайы осыған ұқсас.

Мәселен, Айнұр. Ажырасқан. 4 баласы бар. Кенжесі 3,5 жаста. Өзі жұмыссыз. Мұндағылар «жұмыспен қамтылмаған» деп құжатын қабылдамаған.

Гүлжанның мәселесі сәл өзгерек. Ол да ажырасқан. 5 баласы бар. Еден жуушы болып істейді. Жалақысы – 38000 тг. Оны балдарымен өзіне шаққанда 6300 теңгеден тиеді екен. Сондықтан да көмектің бұл түрінен қағылып отыр.

10 ЖАН болса…

Жоғарыдағы мысалдар толық емес жалғызілікті аналарға қатысты. Алайда, бөлім басшысы Ұлдана Абытханқызының сөзінен түйгеніміз, 101 мың теңгеден толық отбасылардың да үміттенуіне болады. Бірақ бұл үшін отбасында ең болмаса бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Оның жалақысы жан басына шаққанда сол баяғы 5050 теңгеден аспауы керек.

Есептеп көрелік. Ерлі-зайыптылардың 4 баласы бар. Өздерін қосқанда: 2+4=6. Сонымен: 42500/6=7837. Бұл сомма нормадан асып кетеді.

Егер: 7 баласы бар болса, 7+2=10. 42500/9=4722. Бұл нормаға сай.
Бұдан ай сайынғы кірісі 42500 теңгені құрайтын 9-10 жаннан тұратын отбасының бір реттік 101 мың теңгелік көмекке қол жеткізе алатынын көреміз.

МЕКТЕП ФОРМАСЫ ҮШІН ЕМЕС!

Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, көмектің бұл түрі аса мұқтаж жандарға ғана беріледі. Алайда көпшілік мұны дұрыс түсінбей жатыр «тамыз» айында төленетін болғандықтан «мектеп формасы – жәрдемақысы» деп айдар тағып, өздерінше топшылап жүр. Салдарынан, мектеп жасындағы балалары бар ата-аналар «баламыздың киіміне ақша бер» деп талап етуде. Дегенмен, маман, халықтың әрбір баласы үшін 20 789 теңге көлемінде ай сайын атаулы әлеуметтік көмек алып отырғанын еске салады. Оның сөзінше, 6 баласы бар толық отбасы әр баласы үшін – 124 мың, ата-анасы – 20 мың теңге алады. Бұл шамамен ай сайын 144 мың теңге. «Мұндай соммадағы көмек бұрын-соңды көрсетілмеген. Бұл қаржы балаларға деп беріліп отыр. Сондықтан да мектеп формасын соған аласыздар» дейді қала әкімінің орынбасары. Ал бұл қаржы аса мұқтаждарға беріледі.

– Шымкент қаласы маслихатының 2019 жылғы «29» наурыздағы №47/369-6с шешіміне сәйкес, жан басына шаққанда отбасының табысы орташа есеппен 2 АЕК-тен, яғни 5050 теңгеден аспағандарға бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі. Көмектің бұл түрі 2015 жылдан бері көрсетілуде. жыл сайын шамамен 3200 отбасы 25 мың теңгеден алып келді. Биыл оның мөлшерін 101 мың теңгеге ұлғайтылды. 2 аптада 1000-ға жуық құжат қабылданса соның тек 700-і мақұлданған, – деді қала әкімінің орынбасары.

«Оңтүстік Рабат», №29, 17 шілде 2019 ж

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ