Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру

10905

Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, денінің саулығын арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру ұйымдарының жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады.

Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.

Жыл сайын елімізде әр түрлі үлгідегі  мыңнан астам лагерлер жұмыс істеп, 1 миллионнан астам балалар демалады. Балалардың жазғы кезде демалуы үшін лагерлердің екі типі болады: мектептегі және қала сыртындағы.

Өкінішке орай, көптеген қала сыртындағы лагерлердің жолдамасы өте жоғары, халықтың қалтасы көтере бермейтіні анық. Мұндай жағдайда балалар мен ата-аналарын жазғы мектеп лагерлері құтқарады, онда әдетте 1-4 сынып оқушылары белсенді демалып, денсаулықтарын қалпына келтіреді. Жетім, аз қамтамасыз етілген және көп балалы, толымсыз отбасы балалары мен үздік оқушылар да сол жерде тегін дем алады. Ал, жұмыс істейтін ата-аналар балалар қараусыз қалады деп алаңдамайды, мектеп жанындағы лагерде олардың демалысы қамтамасыз етілген.

Мектеп лагері — белсенді демалыс аймағы, насихаттық, дидактикалық, сөздік мектеп әрекетінен өзгеше әртүрлі қоғамдық мәні бар бос уақытты өткізу орны.

Лагерь — кез келген балаға өзін көрсетуге, өзін-өзі сыйлау мен өзін-өзі көрсете білудің жоғары деңгейіне жақындау мүмкіндігін береді. Оқушылардың күндізгі уақытын өткізуге арналған лагерьде олардың демалысын барынша оңтайлы өткізуге барлық жағдай жасалған.

Қала сыртындағы орындарының негізгі міндеттері — балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын  нығайтуына, шығармашылық еңбегіне, өздерінің қабілеттерін іске асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге, олардың  тиімді демалысын және  бос  уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталады.

Барлық балалардың табиғи дарындарының бар екені және ол дарындардың дамалуы үлкендердің бала өмірі мен іс-әрекеттерін ұйымдастыруына байланысты екені белгілі.  Оқудан бос  демалыс кезінде жасөспірім ортақ істің ұйымдастырушысы, белсенді қатысушысы болуға үлкен мүмкіндік алады.

Лагерьлік ауысым — арнаулы педагогикалық жүйеге негізделген арнаулы ұйым немесе уақытша балалар ұжымы. Лагерь ауысымы — баланың ортасының өзгеруі, өмір  сүру стилін өзгертуі болып  табылады, кей жағдайда баланың түбірімен өзгеруі жағдайлары кездеседі.

Балалардың демалысының ұйымдастырылуы жайлы сөзіміздің соңында   балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қысқаша кеңестерімізді ұсынамыз.

Жазғы маусым басталар алдында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық ведомство бөлімшесінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысын уақытылы алу қажет.

Объектілер аумағында тiкенектi бұталарды, гүлдегенде мамықты тұқымдар беретiн жасыл желектердi (ағаштарды, бұталарды) отырғызбайды.

Сауықтыру объектісінің басшысы сауықтыру объектісінің ашылуы алдында және ары қарай көрсеткіштер бойынша аумақты дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық өңдеу жүргізуді ұйымдастырады.

Объектілердің аумағы тазалықта ұсталады. Қоқыс жинағыштар (контейнерлер) 3/2 бөлігi толған кезде тазартылады.

Учаскенiң жабдығы (үстелдер, орындықтар, дене шынықтыру жабдығы мен шағын сәулет нысандары) жарамды жағдайда ұсталады.
Тұрмыстық қоқыс пен қалдықтарды жинау үшiн бетондалған немесе асфальтталған алаңда орнатылған, қақпақтары бар металл контейнерлер көзделедi. Алаң негiзгi ғимараттардан кемiнде 25 м қашықтықта орналасады. Сауықтыру науқаны басталар алдында және әрбiр ауысым аяқталған соң техникалық персонал күрделi жинау жүргiзедi.

Күн режимі балалардың жас ерекшелігіне байланысты құрылады.  Дене шынықтыру-сауықтыру іс-шаралары жоспары дәрігермен келісіледі және мынадай іс-шараларды қамтиды:

1) таңертеңгілік гимнастика;

2) шынықтыру емшаралары;

3) қозғалыс ойындары және дене дайындығының әр түрімен айналысу;

4) спорт, емдік дене шынықтыру, жүзуге үйрету;

5) серуендер, экскурсиялар, жорықтар;

6) спорттық жарыстар және мерекелер.

Балалардың дені әрқашан сау болсын!!!

Жаздағы жақсы демалыс — жыл бойына қажетті күш–қуат.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының
бас маманы А. Монтаева