Әне-міне дегенше, биылғы оқу жылы да аяқталды. Бітіруші түлектермен олардың ата-аналары ҰБТ-ның қамымен жүрсе, басқасы балаларының жазғы демалысын тиімді өткізу жолдарын қарастыруда. Бұл мәселеге министрліктегілер де бей-жай қарамады. Әсіресе, биыл көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан және мүмкіндігі шектеулі, жетім балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға баса мән береді. Бұл туралы 21 мамыр күнгі Үкімет отырысында белгілі болды. Жиын барысында ҚР Премьер министрі Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін тиісті жол картасын әзірлеуді жүктеді.
ЕЛІМІЗДЕГІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ 74% ЛАГЕРЬГЕ БАРАДЫ
Бұл туралы Үкімет басшысының алдында сөз алған ҚР Білім және ғылым министірі Күләш Шәмшидинова мәлім етті. Оның айтуынша, 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1750 шатырлы лагер балақайларды қабылдауға сақадай сай.
– Жазғы демалысты балаларымыз асыға күтеді. Олардың каникулында барлық қауіпсіздік шаралары сақталып, сапалы әрі мағыналы демалуына жіті көңіл бөлінеді. Биыл қазақстандық оқушылардың 74 пайызы жоғарыда аталған лагерьлерде демалмақ. 960 мың бала құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек оқушылардың 61 пайызын түрлі үйірмелер мен спорт клубтарына тарту жоспарда бар. Сондай-ақ, балаларға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады деп отырмыз, -деді Күләш Шәмшидинова.
Өз сөзін түйіндеген еліміздің бас педагогы Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстарында балалардың жазғы демалысын өткізу жоғары деңгейде жоспарланғанын, ал Атырау мен Түркістан облыстарында осы бағытта нақты шараларды ұйымдастыру ақсап тұрғанын тілге тиек етті. Нақтырағы, биыл бұл өңірлерде балаларды лагерьмен қамту өткен жылдармен салыстырғанда төмендегенін айтты.
Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова аталған өңірлердегі олқылықтарды жоюды тапсырды. Сондай-ақ, ол жазғы демалыс уақытын өткізуде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға көптеп көңіл бөлу керектігін атап өтіп, бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстарды өңір әкімдіктегілердің мойнына асты.
ЖОЛДАМА БАРЛЫҒЫНА БІРДЕЙ БЕРІЛМЕЙДІ
Гүлшара Әбдіхалықованың бұл тапсырмасы көп баласы бар аналардың жанына «майдай» жақты. 4 баланың анасы ретінде бұл жағымды жаңалық менің де құлағымды елең еткізді. Себебі, 4 баланың 3-еуі мектеп жасында. 2016 жылдан бері осы статусым болса да, балаларыма мектепте бірде бір рет не тегін ыстық тамақ, не лагерьлік жолдама алған емес. Мен сияқты аналар қаншама? Сондықтан да аталмыш шара милионнан астам тұрғыны бар Шымһарада қалай жүзеге асырылуда? Шымкенттік балғындар жазғы демалысын қайда өткізбек? Қай жерде қандай лагерь бар? Тегін жолдамаға қол жеткізу үшін қайтпек керек? Осы сауалдарға кейіпкер кейпіне еніп жауап іздеп көрген едік. Сөйтіп, Шымкент қалалық білім басқармасына хабарластық. Телефонның арғы жағында өзін Әшірбек Абдиев деп таныстырған маман жолдаманың барлық оқушыға беріле бермейтінін айтты. Ол үшін төмендегі 4 санаттың біріне ілінуің керек екен.
1. Мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болғандар;
2. Отбасының табысын жан басына шаққанда 20789 мың теңгеден аспағандар;
3. Мектепте құрылған арнайы комиссияның оң шешімін алғандар;
4. Төтенше жағдайдың кесірінен жәрдем алуға мұқтаж отбасының балалары.
5 ҚҰЖАТ ҚАЖЕТ
Яғни, егер сіз осы аталған 4 сананның біріне жатсаңыз онда мектеп социологына барып, өтініш қалдыра аласыз. Осылайша Әшірбек Абдиев мектеп социологына жол сілтеді.
Бірақ, бұл жолдаманы социолог береді деген сөз емес. Социологтан тек қажетті құжаттардың тізімі мен өтініштің үлгісін алады екенсіз.
Яғни, лагерьге тегін жолдаманы алу үшін:
— Ата-ананың өтініші;
— Ата-анасының жеке басын куәландыратын төл құжат;
— Лагерьге баратын баланың туу туралы көшірмесі;
— Баланың денсаулығын анықтайтын 079 формадағы анықтама;
— Мәртебесін дәлелдейтін кез келген құжат қажет.
Сіздің барлық құжаттарыңызды сүзгіден өткізген маман балаңыз жайлы ақпаратты өзінің жорналына түртіп алды. Одан соң барлық құжаттарыңызбен тұрғылықты мекенжай бойынша ХҚКО-ға барасыз. Бір байқағанымыз, социологтар «ата-аналарды құжат қабылдау уақыты кешкі 18:00-20:00 аралығы» деп жібереді екен. Бірақ бұл дұрыс емес. Мұндағы мамандар, құжаттарды таңғы 9:00-20:00 дейінгі аралықтарда қабылдай береді. Социологтардың қате ақпаратынан мұнда күнде кешқұрым ұзын сонар кезекке тұрып, құжатын тапсыра алмағандар даурығатын көрінеді. Бұған өзім де куә болдым. Құжатымды құнттап апарған алғашқы күні, кезегімнің реті келмей үйге құр қайттым. Дегенмен, келесі күні таңертең сағат 9:00 да абыр-сабырсыз 15 минутта құжатымды тапсырдым.
БИЫЛ 7241 ОҚУШЫ ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛАДЫ
Биыл қалалық білім басқармасы мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиiмдi ұйымдастыруды мықтап қолға алмақшы. Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның айтуынша, жазғы маусымда қала сыртында 4 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Олар — «Арман», «Ақсу», «Ұшбұлақ», «ЕркеМашат» лагерьлері. «Ақсу» лагері қалалық оқушылар сарайының балансында. Қалған 3 лагерь мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетеді. Үш ай жазда оқушылардың сауығып, көңіл көтеріп демалуына қала бюджетінен 220 млн теңге бөлінген. Бұл соммаға — 7241 оқушы ақысыз демалады.
– Биыл демалатын балалардың саны біршама көп. Былтыр 7000 оқушы тегін жолдама алған болса, биыл олардың саны 241 балаға артық. Биылғы жылдың тағы бір өзгешелігі жолдаманың бағасында. Былтыр 30 мың теңге болса, биыл 37 мың теңгені құрап отыр. Мұның барлығы азық-түлікті, еттің қамбаттауына байланысты- дейді Айгүл Текебаева.
Білім басқармасындағылар «тек қала сыртындағы лагерьмен шектелмейміз, барлық білім ұяларының жанынан мектеп алды алаңдары жұмыс істейді» деп отыр. Бұдан бөлек, балақайлар үшін мәдени-танымдық экскурсиялар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, балалар үшін оқушылар сарайындағы үйірмелер, аулу клубтары, спорттық секциялар да жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, жаздық демалыс орындары мен мектеп жанынан ашылған алаңшалар толығымен залалсыздандырылып, балақайларды қабылдауға дайын.
Қалай дегенмен дәл қазiр балақайлардың нағыз рахатқа кенелетiн кезi. Ал балақайлардың демалысын дұрыс ұйымдастыру әрбір ата-ананың міндеті. Сондықтан да, балаңыз демалысын қызықты етіп өткізсін десеңіз қазірден жоспарлай беріңіз.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №22, 29 мамыр 2019ж