Шымкенттіктер Евролиганың екінші раунд іріктеу кезеңіне бір қадам жақындады. Қажымұқан атындағы стадионда өткен матчта жергілікті «Ордабасы» Грузияның «Торпедосын» қабылдаған болатын. Қаржылай қиындықтарға байланысты 12 ойыншысынан айырылған Кутаиси командасы Шымшаһарға жас құраммен келіпті. Дегенмен, алғашқы таймда қонақтар өз қақпасына гол соққызбады.
«Ордабасы» командасы Евролиганың іріктеу кезеңіне төртінші рет қатысып отыр. Шымкенттіктер жеті жылда еуропалықтармен сегіз матч өткізіп, бір рет қана екінші айналымға жолдама ала алған. Жанкүйерлер оларға биыл да сенім артады. «Ордабасы»- «Торпедо» ойынына 12 000 адам трибунаға жиналған.
«Торпедо» алаңға қосалқы командамен шықты. Өйткені, бұл матчқа он күн қалғанда олардан 12 футболшы кетіп қалған. Содан болар, ойынның алғашқы 45 минутында ордабасылықтар белсенді болды: қақпаға 14 рет доп бағыттап, оның төртеуінде гол соғуға жақын қалды. Бес рет бұрыштама доп көтерсе де есеп ашылмады.
Шуддин Саидов, тілші: «Балдақпен жүрсем де бұл ойынның куәсі болуым тиіс деп шештім. Бір мезет те өкінбеймін. Өте тамаша. Тек трибунадағы орындықтардың лас болғаны қынжылтады. Шетелдік қонақтар келсе ұят емес пе?».
Гол! Алайда, қақпаға енген бұл доп саналмады. Өйткені, төрешінің шешімі бойынша ол оффсайдтан салынды. Жалпы, ойынның екінші жартысында шымкенттіктер қақпаға үш рет доп салды. Оның екеуінде біздің ойыншылар оффсайдта болған. Ойынның 68 минутында «Ордабасының» бұрыштан көтерген добын Темірлан Ерланов баспен қақпаға бағыттады. Есеп 1:0.
Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Бұл ойын біз үшін өте маңызды. Арнайы келдім. Өз инстаграмм парақшамда да халықты осы матчты көруге шақырдым. Спорт жақсы ғой. Тән сұлулығы. Маған жігіттердің сымбатты болып жүргені ұнайды. Әкімдіктегі қызметкерлерге де спортпен шұғылданыңдар, дендерің сау болады деп үнемі айтып жүремін».
Қос команда да жалғыз голмен шектелді. Мұндай есеппен Евролиганың екінші раундына жолдама алу «Ордабасыға» қиындық туғызары сөзсіз. Өйткені, Грузиядағы ойында «Торпедо» бұл мүмкіндікті тартып алуға тырысады. Дегенмен, шымкенттіктер өз алаңында шетелдік команданы жеңгеніне мәз.
Кахабер Цхададзе, «Ордабасы» ФК бас бапкері: «Жеңдік екен деп демалысқа шықпаймыз. Келесі ойын бұдан да жауапты болады. Өйткені, Грузияда жеңіске жетуіміз тиіс. Мақсат келесі айналымға жолдама алу».
Ордабасылықтар Евролиганың екінші айналымына бір қадам жақындады. Ал қарымта матч шілденің 18-і күні Грузияда өтеді. Қос матчтың қосындысы ғана жеңімпазды анықтайды.
Сарбиназ Алдабергенова