Шардара ауданына жаңа әкім тағайындалды

465

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Шардара ауданының әкімі қызметіне Қайрат Жолдыбайұлы тағайындалды.

Шардара аудандық мәслихатының 9 шілде күні өткен кезектен мәслихатында Түркістан облысы әкімінің ұсынысы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Қайрат Жолдыбайұлы 1981 жылы Шардара қаласында дүниеге келген. Биыл ақпан айына дейін Шардара ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.

Қайрат Жолдыбайұлы 2003 жылы С.Сейфулин атындағы Қазақ аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы оқу кезінде АҚШ-тағы Джорджия университетінде «Universiti of Georgia» оқыған.

Еңбек жолын 2003 жылы Білім және ғылым министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінде жетекші маман болып бастаған. 2005- 2008 жылдары Қаржы министрлігінің бас маманы, бөлім басшысы лауазымдарын атқарған. 2008 жылы ҚР Парламенті Сенатында қызмет етті. Одан кейін Шардара ауданы әкімінің орынбасары болып, 2019 жылдың ақпан айынан бері Ордабасы ауданының әкімі болып қызмет етті.