Шымкентте алдағы бес жылда 15 мектеп салынады

167

Халқының саны 1 миллионнан асқан Шымкент қаласында мектеп тапшы. Биылғы жаңа оқу жылында шаһардағы 130 мектептің 19-да оқушылар үш ауысымда дәріс алмақ. Осы күрделілікті шешу мақсатында бес жылда шаһарда 15 мектеп салынады.

Білім ошақтары бюджет қаражатынан бөлек жеке кәсіпкерлердің есебінен бой көтермек. Бірінші сыныпқа баратын балаларының құжаттарын тапсыра алмай әбігерге түскен ата-аналар қалалық білім басқармасынан бастап қала әкімдігінің табалдырығын тоздыруда.

«Пәленбай мектеп салып жатырмыз дейді. Соның бәрі қайда? Жыл сайын 12 сыныптан ашып отырған» дейді ата-аналардың бірі.

Шымкенттегі Теріскей шағынауданының тұрғындары балаларын 1-сыныпқа берудің соншалықты мұңға айналарын білмеген. Айтуларынша, қаладағы №46 мектеп басшылығы «сынып толып қалды» деген сылтаумен құжат қабылдауды тоқтатыпты.

Ата -аналар «№25 мектепке барыңдар деді. Ол мектеп әлден толып қалған. №65 мектепке барыңдар дейді. Ол жақта тек мекен жай бойынша қабылдайды. Сайрам мен Тараз шағынаудандарын ғана қабылдап жатыр. Біздің балалар сонда қайда барады? №39 мектеп жолдың арғы бетінде. Барлық баламыз осында оқиды. Сонда бірінші сыныптың баласын қалай басқа мектепке жібереміз? Жолдан қалай өтеді? Таситын адам да жоқ» дейді.

Жанна Бірқұлова, №46 мектеп-лицейдің директоры: «Балаларды отырғызатын орнымыз жоқ. Әрбір сыныпта 25 баладан болуы қажет. Қазір бізде одан көп. Олар жақын жердегі мектептерге барсын. Біз қабылдай алмаймыз».

Шымкентте 130 мектепте 194 мың оқушы оқиды. Жыл сайын балалардың саны 10 мыңға артып отыр. Мектеп тапшы, биылғы жаңа оқу жылында қаладағы 130 мектептің 19-ынды балалар үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Бұл өзекті мәселе 10 бағытты қамтыған Шымкенттің кешенді даму жоспарында жүзеге асатын 4 бағыт – білім беру жүйесін дамыту жобасына енгізілді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Осы кезеңде 15 мектеп саламыз. 23 мың оқушы оқиды. Жақында Пахтакор шағынауданында жеке кәсіпкер 1 мың орынға шақталған мектептің құрылысын аяқтады».

Мегаполистегі демографиялық өсімді ескерсек, келер жылы да мектеп тапшылығы сезілетін тұрі бар. Шымкенттің кешенді даму жоспары Үкіметте мақұлданды. Бұл дегеніміз мәселе кезеңімен шешімін табады.

Шынар Оразова