Арыстық тұрғынның қақпасын ұрлап кетті

203

Арыс қаласының жергілікті тұрғыны өз үйінің аймағына қарайтын учаскелік полиция инспекторына арызданып, ешкім тұрмайтын, бірақ апта сайын барып, көріп тұратын екінші үйінің қақпасын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін көрсетеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық дерегін ізін суытпай ашу мақсатында аудандық полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел-іздестіру шаралары іске асты. Жақын аралықтағы темір алып-сататын орындарда тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Арыс қаласында темір сатып алатын орындардің бірінен жоғалған қақпа табылып, оның бұл жерге қалай келгені анықталды.

Анықталғандай күдікті, жәбірленуші әйелдің үйінде ешкім тұмайтынын біліп, «үйімнен қақпаны алып қайтайық деп, өтірік айтып» көлік жалдап, көлік жүргізушісінен көмек сұрап, екеулеп алып кеткен болып шықты.

Сатып алушының айтуы бойынша, күдіктінің жеке басы анықталып, мекен-жайы белгілі болды. Осылайша, полицейлердің қырағылығының арқасында 2 күн ішінде жергілікті тұрғын яғни күдікті өз үйінде ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындап, айғақты зат ретінде қақпа алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда қажетті құжаттар жинақталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалғанына енді бір ай толатын, осы қылмысты ашуда кәсіби шеберлігін көрсеткен Арыс АПБ-нің ЖПҚ УПИ полиция аға сержанты Жасұзақ Қауқаевтың қызметін мінсіз атқарғанын атап өтуге болады. Ол өзіне бекітілген әкімшілік аумағында болған қылмыстарды тез арада ашылып, тұрғындардың ризашылығына бөленуде. Ең бастысы қылмысты болдырмау, алдын алу мақсатында қарқынды жұмыстар жасауда.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өз мал-мүлкіңізге сақтықпен қарап, қауіпсіздік шараларын күшейту керектігін ескертеді. Ал, егерде осындай ұрлықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі