«Келінді енесінен артық ешкім түсіне алмайды»

546

Әлеуметтік желі, дәлірегі Инстаграм арқылы елге танылған ауыл келіндері де баршылық. Солардың бірі – Төлеби ауданының үздік келіні Айдана Ыбырай. 150 мыңға жуық жазылушысы бар ауыл келінінің әрбір жазбасы оқырмандарының қызу талқысына түседі. Сыпайы, тәрбиелі, кішіпейіл болмысымен жұрт ықыласына бөленген ақ келінді тәрбиелеп отырған енесі кім? Үнемі қолдау көрсетіп, ел арасында «үздік келін» атанған Айдананың енесі қандай жан? Келінінің танымал болуы енеге қалай әсер етеді? Бүгіннің өзекті мәселелерінің біріне айналған ене мен келін қарым-қатынасына пікірі қандай? Осы және тақырыпқа қатысты сан сауалға Айдананың енесі Әлима Өскенбаевамен сұхбаттасу барысында жауап алдық.

– Әлима апа, «келініңіздей келінім болса ғой» деп армандайтындар көп шығар?
– Әрине, қайда барсам да көптің осындай арманын естимін. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Жаратқаннан тіл-көзден сақтауын өтініп, кеудемді бір мақтаныш кернеп жүремін. Келінімнің көпке танылуына әсер еткен – ең алдымен оның еңбекқорлығы. Айдана күнде 05:30 бен 06:00 аралығында ұйқысынан тұрады. Сиыр сауады. Ауылда сиырды тауға кезек-кезекпен айдаймыз. Айдана өз кезегінде сиырды тауға айдайды. Содан кейін сүт пісіреді. Самаурынға шай қояды. Бізге шайын береді. Осылайша күнделікті тіршілік қайталанып жатса да қабағынан өміріне деген бір өкпені байқаған емеспін. Бастысы келген жеріне, күйеуіне, бізге өте разы.

– Келініңіз алғаш инстаграмға тіркеліп, ауыл тіршілігін көпке таныта бастаған кезде қалай қабылдадыңыз?
– Қаладан енді келген қыз ауылдың тіршілігін қызықтап, фотоғо түсіріп жүрді. Мен аса мән бермедім, өйткені «қаланың қызына алғашында бәрі қызық қой, кейін қызығушылығы басылар» деп ойладым. Уақыт өте келе келініме ауылдың өмірі ұнайтынын білдім. Ол аула сыпырудан бастап, ішек-қарын аршығанға дейін суретке не видеоға түсіріп, оны өз оқырмандарымен бөлісіп жүрді. Бір күні мен де инстаграмға тіркеліп алдым. Сондағы ойым, келінімнің жазбалары маған да қызық бола бастады. Мен сол кезде оған «ұят болмасын, адамдардан» деп кішкене ескерту жасадым. Бірақ анау айтқандай қатал талап қоймадым, өйткені, бұл – оның жеке парақшасы. Қатты мән беріп қадағаламадым. Бастысы ол барлық тірлігін үлгеріп, істеп жүрді. Кешке сиыр келгенге дейін қалаға да барып келеді. Жұмыстарын тындырып қайтады. Алғашында тек ауылдың өмірін жариялап жүрді. Кейін келе ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайлы да жаза бастады. Қазір келінім тек ауыл тынысымен шектеліп қалмайды. Ол қарапайым ауыл келіні де әлеуметтік желіні дұрысынан пайдаланып, табыс көзіне айналдыра алатынын көрсетті. Өзін үнемі шыңдап, жетілдіріп жүреді. Келінім – үнемі ізденіс үстіндегі адам. Оқырмандарын жалықтырып алмас үшін барын салады. Нәтижесі де жаман емес. Әсіресе өзі сияқты көптеген ауыл келініне үлгі болды. Тіпті «ауылда тұрғысы келмейтін келіндердің санасын өзгерте білді» деп айтуыма болады. Айдана келінім – мен сияқты енелердің арманы десем артық айтқаным емес. Бұл үшін тек қана қуанамын. Ауылда тойларда, жиындарда таныстар да, таныс емес адамдар да келіп «біздің келін сіздің келініңізге қарап бой түзеп жүр» деген алғыстарын айтқанда қуанышымда шек болмайды.

– Келініңіздің парақшасын жіті қадағалайсыз ба?
– Иә, келінімнің тұрақты оқырманымын десем болады. Өзі барлық пікірлерді оқып үлгермейтін шығар, өйткені, ауылда жұмыс көп. Бірінен соң бір жұмыс шығып тұрады. Мен әсіресе, оқырмандарының пікірлерін оқимын. Егер келінімнің тарапынан кеткен қателік болса, дұрыс емес тұсын айтып отырамын. Неше түрлі адамдар бар ғой, енді. Әркім әрқалай пікір жазады. Келініме соның барлығын көңілге алмау керегін айтып отырамын. Дегенмен жағымды пікірлер көп. Жағымды пікірлерді оқығанда көңілім сондай көтеріліп қалады.

– Келініңізге қыз ұзату жайлы сұраныстар көптеп түсіп жатқан сыңайлы. Бұны қалай қабылдадыңыз?
– Айдана маған алғашқы ұсыныс түскен сәтте «Апа, маған қыз ұзатуға ұсыныстар түсіп жатыр» деп айтты. Бірден келісімімді бердім. Неге ұзатпасқа?!Біз қазақ халқы ырымшыл халықпыз. Адамдар «қызымыз барған жерінде Айдана сияқты қадірлі, сыйлы, үлгілі келін болсын» деген таза ниеттерімен ұсыныс жасайды. Мүлдем қарсы емеспіз. Қазір қолынан келмейтіндер де қыз ұзатып жүр. Көріп жүрміз ғой. Олардың қасында менің Айданам әбден лайық. Алғашқы қызды ұзатып та көрді. Бас-тамасы жаман емес сиықты. Бетіне көп мақтамаймын. Келінім қазір менің ғана емес ең әуелі күйеуінің де разылығын алып жүрген әйел. Үш немеремнің анасы. Көп қазақ «шіркін менің де осындай келінім болса» деп армандайтындай бар. Сондықтан да қыз ұзатуға әбден лайық.

– Айдананың сіздің көңіліңізден осынша шығуының сыры неде?
– Барлығына біздің рұқсатымызбен барады. Біз рұқсатымызды қашан да береміз, бірақ ол «болдым, толдым» демеді. Бұл да оның тәрбиелі екенін көрсетеді. Ата-анасына, яғни құда-құдағиыма мың алғыс. Айдананың: «Апа, мен кез келген жағдайға қуана білемін» деп айтқаны бар. Ол сиыр сауып отырса да қуанады. «Осындай сиырымның болғанына шүкір, біреулерде мұндай сиыр да жоқ» деп қуанады екен. От жағып жатса, көмірінің болғанына алғыс айтады. Сондықтан да жаратқан жақсылықтың бәрін келінімнің ниетіне қарай беріп жатқан сияқты.

– Қазір ене мен келін арасындағы кикілжің өзекті мәселеген айналған. Отбасындағы береке-бірлікті сақтауда екеуінің де жауапкершілігі бар. Сіздің ойыңыз қалай?
– Әрине, кінә бір жақтан болмайды. Ене де әрдайым енелігін көрсете білу керек. Көпті көрген, өзі де кезінде келін болған. Келіннің жағдайын енесінен артық ешкім түсіне алмайды. Қазақ қоғамында келінге құл сияқты қарау жағы әлі де бар. Бұл дұрыс емес. Тек үйдің тірлігіне салып қоятындар қаншама?! Келін де біреудің қызы. Соны ойлау керек. Ене келініне әулеттің ұрпағын жалғаушы ретінде қарауы керек. Солай бағалағаны дұрыс. Ененің тарапынан жылулық болмаса, келіннен сыйластық күтудің қажеті жоқ. Сондықтан келінді де сыйлай білген дұрыс. Келініммен той болсын, жиын болсын барлық жерге бірге барамыз. Жанымнан тастамаймын. Ол да жан-жағын көріп, көңіл көтеруі қажет. «Менің тарапымнан көрсетіліп жатқан осы әрекеттер де келінімнің көпке танылуына үлесін қосып жатыр» деп ойлаймын. Егер сен келінге шынайы ниетпен қарамасаң, құшағыңды ашып, жақсы көрмесең, онда келініңнен жағымды әрекет күтпей-ақ қой.

Сұхбаттасқан – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №31, 31 шілде 2019 ж