Шымкентте өткен жылы 24 ақша айырбастау орны өз жұмысын тоқтатқан

219

Шымкент қаласы бойынша өткен жылы 24 ақша айырбастау орны өз жұмысын тоқтатқан. Оның басты себебі аталмыш шағын кәсіпке салықтың өсуі. Еліміз бойынша тек үшінші мегаполистегі валюта айырбастау орындары 50 айлық есептік көрсеткіш бойынша салық төлейді. Алдағы жылы ақша айырбастау нысандарының бастапқы жарнасын 100 млн. теңге болуы шарт деген талап қойылмақ.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасына қаламыздың ақша айырбастау орындарының иелерінен түскен арыздар легі әлі де толастар емес. Бар гәп өткен жылы күрт өскен салықта. Шағын кәсіп иелері үшін 50 айлық көрсеткіш мөлшерінде салық төлейтін олар өзге әріптестерінің кебін киюден қорқады. Айта кетейік, өткен жылы олардың саны бірден 24 – ке азайған еді.

Қайрат Әкенов, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Жыл басында валюта айырбастау бекетінің иелерінен арыздар келіп түсе бастады. Салықтың жоғарылап кетуіне байланысты. Жиналған салып өңірлік бюджетке түседі. 50 АЕК дейін көтерген. Заң бұзылып жатқан жоқ. Бірақ, біздіңше бұл шектен шығу. Осының әсерінен енді кәсіпкерлер шығынға батып жатыр».

Қарыштап кеткен салықты төлеп шығынға батты деген кіші кәсіпкерлерге тағы да тосын сый дайындалып жатыр. Олар үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, негізі жарнаны 5 млн. теңгеден 30 млн. теңгеге көтерген еді. Енді алдағы жылы оны 100 млн. теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Ал, мұны естіген шағын бизнес иелері басқа жұмыс іздеуге бекінген.

«Күн өткен сайын жан – жағымыздағы әріптестеріміз орындарын тастап кетіп жатыр. Біз де солай жасайтын шығармыз. Шектен тыс талап бізді жұмысымыздан айырғалы отыр. Осылайша қарапайым халықты жұмыссыз қалдыра беремек. Бұл дүрыс емес қой. Әділдік пен көмекті қайдан табарымызды білмей отырмыз» дейді кәсіпкерлер.

Ұлттық банктің валюта орындарына қояр талаптары мұнымен бітпейді. Енді жұмысы кешке қарай қызатын кәсіпкерлер тек таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін шектелмек. Халықтың айтуынша мұның кесірі өзгеге емес, елге тиеді.

«Валюта орындарының көп болғаны жақсы ғой. Жан-жаққа сабылып жүрмейсің. Бәсекелестік бар жерде қызмет те жақсы болады. Сондықтан нүктелердің азаюына қарсымын» дейді қала тұрғыны.

Айта кетейік, еліміз бойынша тек Шымкент қаласының айырбастау орындары ең көп салық төлейді. Мәселен Нұр- сұлтан мен Алматы қалаларында 30 айлық есептік көрсеткіш салығы сақталған. Ал, үшінші мегаполисте ол 2 есеге көп.

Назерке Үкібасова