Қазығұртта оқушы өліміне байланысты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмысынан шеттетілді

231
фото inform.kz

Түркістан қаласында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданындағы жазатайым бала өліміне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. БАҚ өкілдеріне облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мен Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев,  облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Қайбар Мәлік қайғылы жағдайға қатысты кінәлі ұстаздар қызметтерінен шеттетілгенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифингке қатысқан Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев аталған оқиғаға қатысты шұғыл  кәмелетке толмағандардың iстерi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиясы отырысы өткізілгенін мәлімдеді.

«Комиссия отырысының қорытындысымен кінәлі қызметкерлердің жауапкершілігі қаралады. М.Әуезов жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі  Әбдіғаппар Есенбеков жұмысынан шеттетілді. Мектеп директоры Ескендір Мұсақұлов пен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қанат Исаевтың «Қызметтеріне  сәйкес еместігі», аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Алия Егізекке  «қатаң сөгіс», аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловқа «сөгіс» түріндегі шаралар көріледі. Сонымен қатар, барлық білім беру мекемелерінің спорт залдарында орналасқан құрал-жабдықтарға, оның ішінде шағын футбол және қол доптарына арналған торлы қақпаларды бекіту және  оқушылар мен ұстаздарға қауіпсіздік ережелерін сақтау шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ, мектеп оқушысының отбасына тиісті көмектер көрсетіледі»,  – деді Төлеген Тұртайұлы.

Баспасөз мәслихатында облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова басқарма тарапынан барлық білім беру ұйымдарындағы спорт және басқа да инвентарьларды бала қауіпсіздігіне тексеру жүргізу аудан, қала білім бөлімдеріне тапсырылып, сабақ кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң тапсырылғандығын атап өтті.

Брифингте облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Қайбар Мәлік аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқандығын айтты. «Аталмыш жайт Қазығұрт АПБ-нің СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 141-бабымен (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) тіркеуге алынды. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда», – деді Қайбар Мәлік.

Айта кетейік, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Әлихан Мақатай 5 қыркүйек күні сағат 10 шамасында дене шынықтыру сабағы барысында ауыр жарақат алған болатын.

Мектептің спорт залында футбол ойынына арналған жылжымалы қақпа оның үстіне құлап, оқыс оқиға салдарынан аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған еді.