АҚШ-қа тегін барғыңыз келе ме?

222

АҚШ- қа бару оңай ма? Бүгін Шымкентте осы сұраққа жауап беретін Нейшнл Аламни Нетуорк ұйымының жиыны басталды. Бұл қоғамдық бірлестік АҚШ-тың тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысқан түлектердің басын біріктірген.

Олар өздері қатысқан бағдарламаларды таныстырып, соған қатысудың мүмкіндіктерін баяндады. Сондай-ақ, алдағы алты айда жүзеге асыратын жобаларын бекітеді.

Орынбек Әлібек, АҚШ-тың Open World бағдарламасына қатысушы, Жезқазған қаласынан: «Мен 2015 жылы Open World бағдарламасына қатыстым. Екі апта АҚШ-та болдым. Кәсіпкерлік тақырыбымен бардым. Кәсіпорындарға бардым. Тәжірибе алмастым».

Бұл басқосу Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Елшілік өкілінің айтуынша, АҚШ үкіметі қазақстандық мектеп оқушыларына, студенттерге, түрлі кәсіп иелеріне көптеген бағдарламалар ұсынады. Қатысу – тегін. Тек ынта-ықылас болса болғаны.

Анн Перрели, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәдениет және білім беру жөніндегі атташесі:
«Қазақстанның түкпір-түкпірінде 11 тегін қызмет ұсынатын ресурстық орталықтар бар. Ол жерде түрлі бағдарламаларға қатысуға, және елшілік пен Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы ұсынатын түрлі мүмкіндіктермен танысуға болады. Тағы бес аймақта «Едюкейшн ЮСЕЙ» атты орталық бар. Онда АҚШ-тағы жоғарғы оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін түсіндіріп, көмектеседі. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің сайтында, Фейсбуктегі және Инстаграмдағы ресми парақшаларында барлық ақпаратты, хабарландыруларды дер уақытында біле аласыз».

Жанерке Хумар