Арыс қаласында төрт әскери қызметші жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«Бүгін Арыс қаласының аумағында әскери қызметшілер қойма аумағын оқ-дәрінің бөлшектерінен тазартуға қатысты жоспарлы жұмысты жүргізу кезінде қопарылыс болды. Төтенше жағдайдан кейінгі жою жұмыстарын жүргізген 4 келісім-шарт әскери қызметшісі жарақат алды. Олардың барлығы әскери бортпен Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталіне жеткізілді», делінген хабарламада.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы оқиға бойынша Әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр. сондай-ақ тұрғындарға келер қауіп жоқ екендігін қаперге салды.
«Тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ, жағдай толық бақылауға алынған. Еске сала кетсек, қала аумағын және оқ-дәріні сақтау нысандарына жақын аумақтарды тазартқаннан соң оқ-дәрілердің негізгі бөліктері әскер бөлім аумағында тұр, тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сонымен бірге, әскери бөлімдегі әскери қызметшілердің оқ-дәрі бөліктерін жинау және жою жұмыстарына белгілі бір уақыт керек. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімет таратушы органдарға сеніп, расталмаған ақпаратты таратпауды сұрайды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі тұрғындарға күдікті заттарды тауып алған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуды, әрі өз бетінше ешқандай әрекет жасамау керектігін ескертеді.