Арыста ерекше мектеп бар

753

Арыс қалыпты өмірге оралды. Тұрғындар болашаққа сеніммен қарай бастаған. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Арыстың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында арнайы ақпараттық тур ұйымдастырды.

Төтенше жағдайдан кейінгі 81 күнде қала толықтай өзгеріп, жасара, жайнай түскен. Жарылыстан зақым келген ғимараттар толық жөндеуден өткен. И.Журба атындағы орта мектеп — төтенше жағдай кезінде қатты зардап шеккен әлеуметтік нысандардың бірі.
Қазіргі таңда аталған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, оқушыларға білім беруде. Заманауи безендірілген нысанға демеушілер робототехника кабинетін сыйға тартқан. Ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын мектеп директоры Әбдісаттар Жүнісов мектепте Абай бұрышын ашқан. Білім ордасының снаряд түсіп, зақымданған стадионы да бүгінде жаңа кейіпке енген. Спорттық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген стадион мен спорт залы да оқушыларға ерекше тарту болды. Мұнан бөлек, биология-химия, информатика, физика және т.б арнайы кабинеттері бар үш қабатты ғимараттың іші ерекше.

113 баланы аман алып қалған Гауһар Уәлиханова басқаратын «Алтын Тұмар» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтіп, 1-6 жас аралығындағы бөбектерді тәрбиелеуде. Бұл нысанның да іші-сыртын жөндеген «Самұрық Қазына» Әл-ауқат қоры кішкентай сәбилердің ойын алаңына сапалы құрал-жабдық сыйлаған.
«Басты мақсатымыз — сәбилерді құтқару еді. Өзімді ерлік жасадым деп ойламаймын. Ұжымдағы 27 қызметкер өз отбасын емес, балабақшадағы сәбилердің амандығын ойлады», — дейді ҚР Президенті қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған балабақша меңгерушісі.

Атап өтейік, Арыста 66 әлеуметтік нысан болса, соның 62-і жөндеуден өтіп, 4 нысан толықтай қайта салынған.