Аулада тұрған автокөлікті ұрлап кетпек болған күдіктілер ұсталды

84

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, түнгі мезгілде үйінің алдында тұрған автокөлігін белгісіз біреулер заңсыз түрде айдап әкеткенін көрсетеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді және өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Оқиға орнына тез арада жеткен тәртіп сақшылары қажетті деп табылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды тексеріп, көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Сарыағаш АПБ-нің тәжірибелі полицейлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, бейнебақылау камераларының бірінен күдіктілердің машинаны айдап, Келес ауданына қарай бағыт алғанын анықтайды.

Осылайша полиция қызметкерлері үлкен жолдардың бірінде қалдырып кеткен автокөлікті тауып, куәгерлердің жауабы арқылы Сарыағаш ауданының екі жас азаматын күдікті ретінде ұстайды. Ал, күдіктілердің бас шарасы қолхатта.

Автокөлік заңды иесіне қайтарылған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде жәбірленуші тұрғын тәртіп сақшыларының қырағылығына, қызметіне адал нағыз берілген жандар екендігіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мал-мүлкіңіздің қауіпсіздігіне сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше, ұрылардың жолына тосқауыл қою үшін, үйіңіздің ауласына бейнебақылау, дабылқаққыш орнатуға кеңес береді. Ал, бағалы мүлкіңіз ұрланып немесе осындай жайттың куәгері болсаңыз тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі