«Орамал тағып, аурудан айықтым»

728

Газетіміздің осы нөмірінде көптің алғысын алып, жұртшылықтың қошеметіне бөленіп, әдет-ғұрып және салт-дәстүрімізге ерекше құрметімен танылған келінді таныстырамыз. Инстаграмда өзі қатарлас қыз-келіншектерді соңынан ерте білген, ақылына көркі сай келіндердің тірлігі көпке үлгі.

«Мойным ауырып, басымды бұрудан қалдым»

Инстаграмда танылған келін – шымкенттік Динара Тұңғышбекова. Үлгілі келін, аяу-лы жар, ардақты ана. Бала күнінен іс тігуге қызығатын ол қазіргі таңда қасиетті орамалдың қадір-қасиетін насихаттап жүрген бірден бір жас келін.
«Анамның айтуынша, кішкентайымнан ине жіп пен матаға өте жақын болыппын. Өзім есімді білгелі де үнемі бір затты біріне құрап, тігіп жүретінім есімде. Анамның тар боп қалған немесе киілмей жатқан киімдерін өзіме шақтап тігіп алатын едім. Жап-жақсы жарасып-ақ тұратын. Бірақ іс тігуді жалғастырмадым. Әуес ісіме айналып қала берді. Кейін тұрмысқа шықтым, келін болдым. Ата-енеміздің алдында орамал таққанымыз болмаса басқа кезде орамал таға бермейтін едім. Алайда менің өмірімде орамалдың қадір-қасиетіне жететін бір жағдай орын алды. Бір күні мойыным ауырып, жан-жаққа бұрғызбай қалды. Әуелі мән бермей, «шамалы уақыттан кейін қайтады» деп жүрсем, мен ойлағандай болмады. Дәрігерлерге қаралдым, массажға бардым, барлығын жасадым. Бірақ мойынымның ауруы қайта қоймады. Сосын мойынымды жылы ұстау үшін орамал таға бастадым. Орамал тағуды әдетке айналдырғаным сол, мойынымның ауруы басылды. Мойнымды қозғалтып, жан-жаққа бұрсам, ақырындап бұрылып икемге келе бастағанын сездім. Осыдан кейін қайда барсам да басымнан орамалымды тастамаймын. Арадан бірнеше апта өткен соң аурудан құлан-таза айықтым. Денсаулығым бұрынғыдай қалпына келді. Мен мұны «орамал тағуымның әсері» деп түсіндім. Міне, содан бері орамалсыз жүрмеймін. Орамалдың қасиетін тек ішімде сақтамай, басқаларға да жеткізуді жөн көрдім. Қазір сәнге мән берген заман. Жаспыз ғой. Әдемі болып жүргіміз келеді. Орамалдың да түр-түрін әсемдеп, өзіңе жарастырып тағуға болады. Мен іс тігуге жақын болғанымнан киімдеріме сәйкестендіріп орамалдар тігіп алып бастадым. Кейін келе тюрбан тігуді де үйрендім,-дейді ісмер келін».
Динара өзіне арнап тікке қолөнер бұйымдарын инстаграмдағы парақшасына салуды әдетке айналдырғалы көп қыз-келіншектен хат келе бастайды. Ісмер келін оқырмандарына орамал қажетін түсініп, осы ісін кеңейтуді ойланады.

«Орамалдарыма қазақилықтың бейнесін қостым»

«Самал базарында әпкемнің сауда орны бар еді. Сол жерге бірнеше тюрбандарымды қойып келдім. Бір күн өтпей әпкем тюрбандарымның сатылып кеткенін айтады. Адамдардан сұраныс түсе бастады. Сол кезден адамдардан тапсырыс қабылдай бас-тадым. Әлеуметтік желілерден қарап, неше түрлі орамалдардың жасалу жолын үйрендім. Өз білгенімді де ортаға салып, түрлі-түрлі басқа тағатын орамалдарды тігіп сата бастадым. Парақшама жазылушылардың да саны күрт өсе түсті. Бұдан орамалға құрметі басым қыз-келіншектердің көп екенін түсіндім. Осылайша орамал тігу бизнесі ажырамас бір бөлшегіме айналды. Қызығушылық танытып, сенім артқан адамдар көбейген сайын мейлінше сапалы әрі өте әдемі етіп жасауға барымды салдым. Оқырмандарымның сұранысына сай күнделікті өмірде, тойға, отырысқа тағып баратын орамал түрлерін де тігемін. Еңбегіме байланысты бағасы да өседі. Ақысы 15 мыңнан басталады. Бұл сомаға өте сапалы маталар таңдалады. Алатын адамның талғамына сай түрлі әдемі тас-тармен немесе ою-өрнекпен безендіреміз. Соның барлығына көз майымызды тауысамыз. Сондықтан да, аздап қымбат. Ал тюрбандар 2000 теңгеден басталады. Әрбір тапсырыс берушінің қалауына сай жұмыс жасауға тырысып келемін. Әзірге шағым айтқандар жоқ. Бұдан кейін де болмай-ақ қойса екен».
Үлгілі келін орамалдарына көбіне-көп қазақ халқына тән ою-өрнекті жиі қолданады. Осылайша әдет-ғұрып және салт-дәстүрімізді насихаттауға үлесін қосқысы келеді. Сонымен қатар парақшасында өзі жасаған орамалдарды қалай жуу қажет екендігін көрсететін пайдалы кеңестерімен де бөліседі.
«Жоғалтып алғым келмейтін басты нәрсе, ол – оқырмандарымның сенімі. Орамалдарды түрлі тастармен безендіремін. Орамалды жуған кезде тастары қарайып кетуі мүмкін. «Қарайып, тот басу» – тастардың арасында су қалып кетуден болады. Сондықтан өзім жасаған дүниелерді қалай жуып, қалай кептіру жолдарын да көрсетіп, түрлі видеолар түсіріп не жазба арқылы пайдалы кеңес ретінде жеткізіп отырамын. Бұл үшін де оқырмандарым көп алғысын айтады.

«Орамал тағатын қыз-келіншек көбейді»

Келіндерінің әлеуметтік желіге келуін қалай бермейтін ата-енелер де болады. Кейбір келіншектердің күйеуі мұндайға тыйым салады. Ал Динараның отбасы оның инстаграмдағы белсенділігін дұрыс түсініп, керісінше қолдау көрсеткен.
«Ата-енем, күйеуім және әке-шешем, бәрі де қолдады. Бұған өте қуаныштымын. Әуелде жүрексіне бастаған ісім қазір жақсы нәтижесін беріп жатыр. Жекеме шығып, орамалға деген қызығушылығы артып, орамал тағуды әдетке айналдырғанын айтатын келіндер көп. «Бұл – менің еңбегімнің де нәтижесі» деп білем. Ең басты мақсатым да осы еді. Қазір қызығушылық танытып жатқан өзім сияқты жастар көп. Мыжырайтып, олпы-солпы тақпай, әдемі қылып сәндеп, киімге сай тағынудың да жолы бар. Қыз-келіншектер мұны да біліп жатыр. Сол себепті бастаған ісіме тек қуанамын».
Динара Тұңғышбекованың орамал тағу, орамал тігу ісіне келу хикаясы осындай. Оның жасаған бұйымдарына қызығушылық танытып, үлгі алып жатқан жандар қаншама?! Динара келін бала тәрбиесімен үйде отырып та қаражат табуда. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін дұрыс бағытта қолданып келеді. Қазір орамал жасаудың жолдарын көрсететін онлайн курс бастаған.
Өзіңізге немесе жақындарыңызға түрлі орамал сыйлағыңыз келсе, Динараның парақшасына жазылыңыз. Өз білгенін өзгелермен де бөліседі. Қазақтың осындай келіндерінің қатары көбейе бергей!

Динара келіннің инстаграм аккаунты: @dinara_oramal

Дайындаған Жанерке Хумар

«Оңтүстік рабат», №36, 4 қыркүйек 2019 ж