Шымкентте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтары жетіспейді

396

Мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесімен енді нұротандықтар тікелей айналысады. «НұрОтан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Іс – шараға үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары қатысты. Шымкентте мүмкүмкіндігі шектеулі 5 900 бала тіркеуде болса, шаһарда оларды оңалтумен айналысатын 8 мекеме бар. Оның 2-уі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін орталық.

Жанель Жұмалинова, ерекше балалардың аналары қозғалысының жетекшісі

Жанель Жұмалинова, ерекше балалардың аналары қозғалысының жетекшісі: «Біз аналар мүмкіндігі шектеулі балаларымызбен тәуліктегі 24 сағат 365 күн болса күнделікті қасындамыз. Қазір жаңа оқу жылы басталды. Балаларымыз коррекциялық мектепте 3-4 сағат оқиды. Олармен ары қарай сабақтарын дайындауға арнайы ұзартылған топтар жоқ. Балаларды тастайтын жер жоқ, біз жұмысқа шыға алмаймыз. Осы күрделі мәселе шешілсе. Қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша мүгедек балаларды оңалтумен айналысатын орталықтар жабылып жатыр. Неге, өйткені әр баланың күтіміне бөлінетін қаражат тым аз».

Бүгінде мүгедек баланың күтіміне республикалық бюджеттен 1541 теңге, қалалық бюджеттен 1468 теңге бөлінеді. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған шараға қатысқан қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мүмкіндігі шектеулі балаларға бөлінетін қаражатты қайта қарау керек деген ұсыныс берді.

Жанетта Жазықбаева, «Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қорының жетекшісі: «1541 теңге неге жетеді? Мүмкіндігі шектеулі баланың күтімі оңай шаруа емес. Министрлік бекіткен баға бойынша еттің бағасы 1350 теңге, ондай баға қайда бар, қазір 2 мың теңгеге де ет сатып ала алмайсың. Және де балаларды тасымалдау да проблема».

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларды асырап отырған отбасына жағдай жасау мәселесін Президент өз жолдауында айтып өтті. Ел аумағындағы 80 мың мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірін жеңілдетуге қазынадан 58 млрд. теңге бөліп, Үкіметке осы бағытта шын мәнінде маңызды шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды. Ол бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуы партия бақылауында болады.

Бахадыр Нарымбетова, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Оңалту орталықтары жетіспейді. Тапсырма бойынша оңалту орталықтарының қажеттілігін анықтап, оны қадағалауға аламыз. Бүгін көтерілген мәселелерді «Нұр Отан» партиясының  фракциясына жеткіземіз. Жиналыста бұл мәселені  өзім көтеремін».

Мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесі бойынша жиналған қауым бір жетіден кейін қайта бас қосатын болды. Кездесуге үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктің жетекшілері және де мемлекеттік мекемелердің басшылары өз ұсыныстары мен ұйғарымдарын дайындап алып келуі тиіс.

Шынар Оразова