Шымкенттік имамдар жаппай қан тапсырды

406

Жыл сайын донор болатын олардың игі дәстүрі осылайша биыл да жалғасын тапты. Мамандардың айтуынша орталыққа негізінен әскери қызметкерлер мен студенттер келеді екен.

Өзгеге жақсылық жасауды уағыздайтын имамдар бүгін қан орталығына да игі ниетпен келді. Олар үшін қан тапсыру жыл сайынғы дәстүр. Кезекке таңғы сағат тоғыздан тұрған дін өкілінің бір бөлігі айналасы бір сағатта 1 литрге жуық қан тапсырды. Абдухамит Хаттани мешітінің наиб имамы Ақтөре Тұрапбай бұған дейін қан тапсырып көрмеген. Қанының тобы 4, сирек кездесетін топқа жататынын бүгін біліп отыр.

Ақтөре Тұрапбай, Абдухамит Хаттаний мешітінің наиб имамы: «Қанмен болсын, ісіңмен бола ма, сөзіңмен бола ма мұқтаж адамға көмегің тигені дінімізде ең қадірлі адам болып саналады. Басында кішкене бірінші рет шприцті көрген кезде қорықтым. Салған соң қорқынышым сейіліп кетті».

Ақ халаттылардың айтуынша мұнда күніне 100-ге жуық адам қан тапсырады. Соның кем дегенде бесеуінен алынбайды. Өйткені, олар донорларға қойылатын талаптарды орындамайды: қан тапсырардан бірнеше сағат бұрын спирттік ішімдік ішуге және темекі тартуға болмайды.

Сандуғаш Үсенова, қан орталығы қан дайындау бөлімінің меңгерушісі: «Олар майлы тамақ, сүт ішпеуі керек. Жұмыртқа жемеуі керек. Аш қарынға келуге де болмайды».

Қан орталығына негізінен саптағы сарбаздар, әскери мамандар мен студенттер жиі келеді екен. Сондай-ақ, тұрақты донорлар да бар. Сондықтан орталықта қан тапшылығы жоқ. Қордағы қан таусыла қалған күнде тіркеуде тұрған донорлар шақыртылады.

Назерке Үкібасова