Жыл басынан бері Сириядан Шымкентке 27 тұрғын қайтарылған

178

«Жусан» гуманитарлық операциясы аясында жыл басынан бері Сириядан Шымкентке 27 тұрғын қайтарылған. Қақтығыс аймағынан келгендер — әйелдер мен балалар. Мән-мағынасы бұлыңғыр жиһадтың жетегінде кеткендердің бейбіт өмірдегі жағдайы қалай? Оларды бейімдеу үшін қандай көмектер көрсетіледі?

40 жасқа таяған Гүлжамал 6 жыл ғұмырын Сирияда өткізген. Қақтығыс аймағынан келген келіншек қазір бейімдеу орталығында. Оған күн сайын теолог мамандар дәстүрлі діннің қағидаттарын түсіндіріп, дәріс береді. Сұрапыл соғыстан сытылып шығып, бейбіт өмірге әрең дегенде қол жеткізген көпбалалы ана өзінің де, перзенттерінің де таным-түсінігін арттыру үшін барын салып жүргенін айтады.

Шымкенттегі «Шанс» құқықтық бейімдеу орталығында қазір қақтығыс аймағынан келген 15 тұрғын тұрып жатыр. Мектеп жасындағы балалар үшін мұнда ұзартылған күн тобы ұйымдастырылған. Ал заңгерлер мен теологтар ересектермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Кезінде бірі біліп, бірі білмей «жерден жұмақ іздеп» адасқандардың елдегі жағдайы тәуір. Мамандар оларды құжаттандыру жұмыстарын жүргізіп, бейбіт өмірге бейімдеу үшін түрлі қызметтер көрсетіп жатырмыз дейді.

Қақтығыс аймағынан қайтарылғандармен түсіндіру жұмыстарын күшейткен мамандар алдағы уақытта оларды жұмыспен қамту жайы да қаралатынын айтады. Етек-жеңін жинап, қалыпты өмірге бет бұрғандар тұрмысын түзеп кеткенше қадағалауда болады.

Мақпал Рысбаева