«Қыран» футбол клубы жабылудың аз-ақ алдында тұр

530
фото Ernur.kz

Түркістан облысындағы жалғыз футбол клуб жабылудың аз-ақ алдында тұр. Осылай деп дабыл қаққан аяқдоп шеберлері 7 айдан бері айлық алмаған.

Жалақыдан қағылғаны аздай өңір намысын қорғап жүргендер жарыстың өзіне әрең баратын болыпты. Себебі команда қоржынында қаржы жоқ. Неге екені белгісіз жартылай мемлекет қарауындағы «Қыран» футбол клубына жауаптылар биыл бюджетті толықтай төлеуді жөн көрмеген.

Бұл өңірдегі футболсүйер қауымының өткен жылы ғана «Қыран» клубына көрсеткен қошеметі. Жеңіске жанкүйерлермен бірге жеткен команданың бүгінгі көңіл-күйі бұрынғыдай емес. Себебі Түркістан облысының намысын қорғайтын команда 7 айдан бері жалақыға қол жеткізе алмай жүр. Жарысқа барудың өзі мұңға айналған ойыншылар автобустан түскен бетте жасыл алаңға шығатын болған.

Осылай деп ашынған жаттықтырушыларға Түркістан облысы әкімінің орынбасарына барудан басқа амал қалмаған. Сөздерінше, жартылай мемлекеттік команда жағдайын тыңдаудың орнына жауаптылар кінәліні іздеп шығарып салыпты.

Айта кетейік, командаға облыс қоржынына бөлінетін қаржы 381 млн. теңге болатын. Алайда, қатарына екінші лиганы қосты деген айыппен биылғы бюджет 100 млн. теңгеге бір-ақ қысқартылған.

Түркістан облысындағы жалғыз футбол командасының ендігі жағдайын сұрап барғанымызда Полат Қырықбаев бәрінің оңалатынына сендіруге тырысты. Тіпті, Түркістан облысы спорт басқармасы басшысы команда болашағына өзінше жоспар да жасап қойған.

Полат Қырықбаев, Түркістан облысы спорт басқармасының басшысы: «Келесі жылы «Қыранды» «Тұран» қып ауыстырамыз да премьер – лигаға шығады. Осы жағдайдың барлығын жасаймыз. Тек қасында жүрген алаяқтар кетсе болды. Небір алаяқтар жүр. Басқа әңгіме жоқ бұл жерде».

Неге екені белгісіз сұрақ қойған сайын ашуға булыққан Полат Қырықбаев ендігі қайырды мәслихат отырысынан күтетінін айтты. 7 айдан бері жалақы ала алмай жүрген 100 отбасының мәселесі келесі айдағы жиында шешілуі мүмкін.

Назерке Үкібасова