ҮКІМЕТ АӘК ТӨЛЕМІН ЖАСАУҒА ҚАРЖЫ СҰРАДЫ

121

Әлеуметтік саланың кейінге шегеруге келмейтін қажеттіліктерін жабуға және экономикалық өсім қарқынын арттыруға тағы да 220 млрд теңге қажет. Кеше, яғни 1-қазанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланды.
ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндамасында нақтыланған бюджет жобасымен таныстырды. Оның сөзінше, қосымша қаржыны бірінші кезекте әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағыттау жоспарланып отыр.
– Осы мақсаттарға 84,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 36,9 млрд теңгесі атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін жасауға; 23,3 млрд теңгесі медициналық көмек көрсету және денсаулық сақтау нысандарының құрылысына; 2,7 млрд теңгесі мәдениет пен спортты дамытуға бағытталады. Аұнда айта кетерлігі, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатары артқан,-деді Берік Шолпанқұлов
Екінші тапсырма, яғни қосымша сұралатын қаржының қалғаны алдағы жылдарда экономикалық өсім қарқынына серпін беретін қосымша көздерді қалыптастыру болып отыр.
Дәлірегі, экономикалық өсімнің қосымша көздерін өңдеу өнеркәсібін қолдауға арналған қаражатты қайта бөлу, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелендіру, Павлодар және Ақтөбе облыстарының сұранысқа ие суармалы жерлерінің гидромелиоративті жүйелерін реконструкциялау, сондай-ақ Жамбыл облысында ауылда кооперацияны дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асыру арқылы құру жоспарланған.
Vласть порталының хабарлағанындай, осы мақсатта нақтыланған бюджет жобасында 136,8 млрд теңге қаралса, соның 36,7 млрд теңгесі жолаушы вагондарын жаңарту өндірісіне, санитарлық техника мен машина құрылысы саласына; тағы 21,1 млрд теңгесі әуе паркін мамандандырылған ұшақтармен толықтырып, дамытуға; 17,1 млрд теңгесі салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру және мемлекекеттік сыйақыларды төлеуге; 8,0 млрд теңгесі гидромелиоративті жүйелерді реконструкциялауға; 7,2 млрд теңгесі Жамбыл облысы тұрғындарының кірісін арттыру жобасын жүзеге асыруға жұмсалады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылға республикалық бюджетті нақтылағанда елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына қатысты негізгі көрсеткіштерді сақтауды ұсынды. Атап айтқанда, ЖІӨ өсімін 3,8% деңгейінде, 89 млн тонна мұнай өндіріп, оның баррелін 55$ шамасында, ал инфляцияның жылдық дәлізін 4-6% шегінде сақтауды ұсынды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин тиісті мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіпте «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын ҚР Парламентінің қарауына енгізуді тапсырды.

«Оңтүстік Рабат», №40, 2 қазан 2019ж