Úı ANONS Шымкентте дәрі тапшылығы жоқ

Шымкентте дәрі тапшылығы жоқ

Шымкентте дәрілік заттардың тапшылығы жоқ. Сонымен қатар, бағамы да тұрақты дейді мамандар. Алайда, кейбір тұрғындар бұл мәліметпен келіспейді. Өйткені, әр дәріханада баға әртүрлі деп отыр. Айтуларынша, алатын айлыққа шаққанда дәрі-дәрмек алу қалтаны айтарлықтай қағады екен. Ал, жауаптылар ДСМ бұйрығына сәйкес, дәрі-дәрімектің бағасына зерделеу жүргізіп, оны төмендеттік деп отыр.

Маусымдық аурулар белең алғалы бері, дәріхана, аурухана жағалағандардың саны артты. Күндігіне дәрі-дәрімекті қос-қостап алып, өз бетінше емделгендер де бар. Олардың бірінің қалтасы көтерсе, енді бірі үшін қолжетімсіз. Осыған орай, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілдері қаладағы дәріханаларға зерделеу жүргізіп, кейбір дәрілердің бағасын арзандатқан.

АЙГҮЛ САДЫҚОВА, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыру, төмендету бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Нәтижесінде, 5000 ға жуық дәрілік заттардың шекті бағалары қайта қаралып, төмендетілген».

Мәселен, гинекологияда қолданылатын «Диане-35» препаратының бағасы 4 000 тг-ден 2 500 тг-ге дейін төмендеді. Ал, «Клостилбегит 50 мг» дәрінің бағасы 8 500 тг-ден 3 500 тг-ге түсті. Жүрек жеткіліксіздігіне арналған «Карвидилжин» бағасы 2 500 тг-ден 1 200 тг-ге арзандады. Сонымен қатар, неврологияда қолданылатын «Нейромидин» препараты 13 000 тг-ден 5 500 тг-ге дейін төмендеп отыр. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте маусымдық аурулардың асқынуы байқалса да, дәрі тапшылығы жоқ дейді мамандар.

АЙГҮЛ САДЫҚОВА, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Маусымдық аурулардың кезеңіне байланысты, департамент тарапынан тұрақты түрде дәріханаларда дәрілік заттардың болуына мониторинг жүргізеді. Қаламызда 600 — ге жуық дәріхана қызмет көрсетеді. Департамент қызметкерлерімен апта сайын 100-120 дәріханаларға мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, тапшылығы жоқ екені анықталды».

Ал, қала тұрғындарының кейбірі дәрілік заттардың бағасы төмендетілді дегенге сенбейді. Енді бірі, дәрі-дәрімектердің бағасы қалтаға қонымды деп отыр.

Ал, дәріхана өкілдері, кейбір бағаны төмендету мүмкін емес дейді. Өйткені, жыл басында сатып алынған дәрі-дәрімектердің бағасы сол мезетте бекітілгендіктен біраз қымбат болуы мүмкін деп отыр.

НАДИРА САЙДУЛЛАЕВА, ФАРМАЦЕВТ: «Халық бізді дұрыс түсіну керек, шекті бағаларға қатысты бұйрыққа өзгеріс енгізуге байланысты, бірқатар дәрілік заттардың бағалары төмендеді. Ал, бұйрыққа дейінгі қабылданған заттар алдыңғы бағамен сатылып, келесі дәрілік заттар төмендеген бағаамен сатылатын болады.

Айта кетейік, елімізде «NAQTY ONYM» мобильды қосымшасы іске қосылған. Аталған жүйеде дәрілік заттардың қорабына басылған QR-кодты сканерлеу арқылы сатып алынған дәрілік заты туралы толық ақпаратпен, оның ішінде заңмен бекітілген шекті бағасымен танысу мүмкіндігі қарастырылған. Егер де дәрілік заттарға қатысты шағымдарыңыз болса, департаментке тікелей жүгіне аласыздар.

Нұргүл Жолымбетова