Шымкенттегі мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емін-еркін жүріп тұруына жағдай жасалмаған. Мүгедектердің мұңына шекеден қарап отырғандар айыппұлға тартылып отыр. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитеті департаменті өкілдерінің атқарған жұмыстары баяндалған брифингте айтылды.
Бұл Шымкенттегі № 12 жалпы орта мектеп. Пайдалануға берілгеніне бірер жыл ғана болған ғимарат құрылысы кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайы қарастырылмаған дейді қауымдастық өкілдері. Осыдан 2 жыл бұрын ескерту алса да мектеп басшылығы кемшіліктерді ескермей келеді.
Мүгедектерге арналған әжетханада да тиісті талаптар сақталмапты. Мұнда да арбаға таңылған азаматтардың кіріп-шығуына жағдай жасалмаған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз ортасы туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитеті Шымкент қалалық департаменті өкілдерінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары қорытылған брифингте де айтылды. Департамент басшысы миллионды қалада мүгедектер мұңы ескерілмей отырғанын жасырған жоқ. Биылдыққа 100 рет тексеруге шыққан жауаптылар қаладағы 72 мекемеге айыппұл салған.
Мақсат — айыппұл жинап, қазына қоржынын толтыру емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күнделікті жүріп-тұруына оңтайлы жағдай жасауды қамтамасыз ету. Жауаптылар жергілікті мекеме басшыларымен бұл бағытта жұмысты күшейтіп отырмыз деп сендірді.
Мақпал Рысбаева