Жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды

163

Ағымдағы жылдың қазан айының ортасында Сайрам ауданындағы полиция бөліміне таңғы 5:45 шамасында жанармай бекеттерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түседі. Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері мен Сайрам аудандық тәртіп сақшылары бірден бағыт алып, оқиға орын алған жерге аттанады. Полицейлер аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізеді.

Белгілі болғандай, жанармай бекетіне бірінің қолында екі ауыздық мылтық, ал екіншісінің қолында газ баллоны бар белгісіз екі тұлға баса көктеп кіріп, небары 40 секунд ішінде қарақшылық шабуыл әрекетін жасаған. Сол сәтте аталған орында жанармай бекетінің 3 қызметкері болған. Осылайша күдіктілердің бірі оператордың бетіне газ баллонды шашып, күзетшіге мылтық кезеп, кассир қызды қорқытып кассадағы 166 мың теңгені жымқырып кеткен. Ақшаны қолға оңай түсірген күдіктілер бекет маңында көлікте тосып тұрған үшінші сыбайласымен бірге бой тасалап үлгерген.
КПБ қызметкерлері мен Сайрам ауданының полицейлері қылмыскерлердің ізіне түсіп, нәтижесінде күдіктінің бірін қолға түсірді.

«Қылмыс таң сәріде болғандықтан көрген білген куәгерлер жоқ. Оған қоса күдіктілер жедел қимылдап, қылмыстарын небары 40 секунд ішінде жасап үлгерген. Біз олардың әрекеттерін топшылай келе, алдын ала сөз байласып, жоспар бойынша жасаулары да мүмкін деп отырмыз. Сондықтан бүгінгі таңда біздің жедел уәкілдер қылмыскерлерді құрықтаудың түрлі жолдарын іске асыруда. Қылмысты ашу барысында үш күдіктінің де жергілікті тұрғын екендігін және бірінің бұрын соңды сотты болғандығын анықтадық. Іздестіру мен тергеу амалдарын одан әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.»- дейді, ТО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Құрманбек Сахов.

 

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі