Шымкент: Полицейлер қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстады

87

Шымкент қаласы Төлеметов пен Бәйдібек би көшелерінің қиылысында қарақшылық шабуыл орын алды. Оқиға қаладағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінде орын алған.

Бұл жайт бойынша 2022 жылдың 3-желтоқсанында Қаратау ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында түнгі 4:50 шамасында жанар-жағармай құю бекетіне белгісіз тұлға бетперде киіп, касса қызметкерін қорқыту арқылы ақшасын алып, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігімен (Қарақшылық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің №734, 717, 718, 713 автоэкипаж қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Сұрастыру жұмыстары қолға алынып, жақын маңайдағы бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде, күдікті азамат қала аумағынан жолай такси тоқтатып қашып бара жатқан жерінен қолға түсті. Ол Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны болып шықты. Жасы 23-те. Жұмыссыз.
Күдікті әрмен қарай Қаратау ауданы Полиция басқармасына жеткізілді. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.