Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету — өзекті мәселелердің бірі және елдегі қабылданып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы хабардар болуы маңызды.
Осы орайда, «Шымкент-адалдық алаңы» жобасы аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ш.Сметов және қала кәсіпкерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпкерлердің мәселелерін шешу болып табылады.
Жиында сөз алған Талғар Серікбаев, Департамент бизнес-құрылымдарының өкілдерімен тікелей қарым — қатынасқа және кәсіпкерлікті қорғауға ерекше мән беретіндігін жеткізді.
«Қазіргі уақытта Агенттікпен бизнесті және инвесторларды қорғау мақсатында «Protecting Business and Investments» жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпкерді оның қызметі аясында бетпе-бет келетін барлық процестерде сүйемелдеу арқылы мақсатқа қол жеткізу күтілуде. Біз әрбір кейске терең үңілеміз және бизнеске заңсыз әкімшілік қысымның барлық түрінің алдын аламыз» — деді Талғар Әбдінәбиұлы.
Қала кәсіпкерлері өз қызметтері туралы айтып, бизнесті жүргізу кезінде салық салуға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Өз кезегінде, мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ш.Сметов бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.
Атап өту керек, қазіргі таңда жоба аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен жалпы сомасы 53 млрд.теңгеден асатын 20 жоба қамтылған.