Әкімдер мен депутаттарға бизнеспен айналысуға ресми түрде рұқсат етілмек. Бүгін Сенат екінші оқылымда мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақылы қызметпен айналысуға қойылған жалпы тыйымды алып тастауды көздейтін заң жобасын мақұлдады.
Бірқатар заңның жекелеген баптары Конституцияға қайшы келеді деп танылған. Соған байланысты, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлікпен және өзге де ақы төленентін қызметпен айналысуына жалпы тыйым салуды алып тастау ұсынылады.
Бірақ, бұл барлығына қатысты емес. Тек, аудандық деңгейдегі қаланы, ауылдардың әкімдеріне, сонымен қатар, мәслихат депутаттарына ғана жүреді. Сондай-ақ, осы аталған мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері де қатаң тыйымнан босатылады. Алайда бірқатар салада қатаң тыйым бәрібір сақталып қала береді.
Нұрлан Бекназаров, Сенат депутаты: «Олар өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері; Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері; ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басқарушылары да осы санатқа жатады».
Ербол Тұрымбет






