Кеңседен шықпай-ақ, донор болды

222

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қаласы бойынша филиалында «Кеңседен шықпай-ақ, донор болу» қайырымдылық акциясы өтті. Филиал кеңсесіне Қан қызметінің көшпелі бригадасы келіп, корпорация қызметкерлері жұмыс процесіне алаңдап, кедергі келтірмей қан тапсырды.

Игі іске ұжымдағы басшыдан бастап, фронт-офис қызметкерлері — барлығы 30 адам атсалысып, олардан 15 литрге жуық қан алынды.

​Дәрігерлердің айтуынша, бұл көлемдегі жиналған қан  аталған акция үшін айтарлықтай нәтиже. Енді осы қажетті қан халі ауыр науқастар мен онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталатын болады.

«Жұмысымыздың қатаң тәртібіне қарамастан, донорлық акцияны кеңсемізде ұйымдастыра алғанымызға өте қуаныштымын. Алғаш рет қан тапсырып отырғаным жоқ. Мұны науқасқа көмек көрсету тұрғысынан да, донордың өзі үшін де өте маңызды іс деп санаймын. Қан тапсырғысы келетін әріптестеріміз көп, мені бұл таң қалдырмайды. Өйткені, біздің ортақ құндылықтарымыз бар. Анығы, өзгелерге көмек көрсетіп, қол ұшын созу — біздің басты мақсатымыз. Біз осындай акцияларды өткізуді міндетті түрде жалғастырамыз. Себебі, тек қан беру ғана емес, үнемі қан тапсырып отыру да маңызды», — деді филиал директоры Данабек Исабеков.

Мөлдір Бекеева