Нью-Йорктен келген полицей Димаш Ниязов залдағыларды ұйқысынан оятты

324

Жемқорлықты жоюдағы шетелдіктердің тәжірибесі біздің атқамінерлерге қызық емес сияқты. Оған Түркістанда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық форум кезінде тілшіміз көз жеткізді. АҚШ, Түркия, Түркіменстан, Әзербайжан секілді елдердің сарапшылары парақорлықты жойған шараларын айтып тұрғанда залдағы біздің шенділер өзге шаруамен шұғылданып отырды. Осы жиында айтылған бір қызық жәйт – Әзірбайжан Республикасында парақорлықты төмендетуге сеп болған жобаны бізден алған.

Шетелден шақырылған сарапшылардың бірі, Әзербайжан Республикасының өкілі – Бахрам Халилов. Өз еліндегі мемлекеттік қызмет саласындағы өршіп тұрған сыбайлас жемқорлықтың азайғанын айтып мақтанды. Қызығы сол парақорлықпен күресте біздің еліміз дайындаған модельді пайдаланған.

Бахрам Халилов, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары: «Кадрларды конкурстық негізде жұмысқа қабылдау кезінде Қазақстанның тәжірибесін пайдаландық. Сол сіздердің екі сатылы жүйелеріңізді алдық. Бізбен сол тәжірибелеріңізді бөліскендеріңіз үшін рақмет айтамыз. Әлі де сол жүйемен жұмыс істеп отырмыз.»

«Етікші етікке жарымайды». Мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған модельді ойлап шығарушы ел – Қазақстан. Десе де, жобаны жүзеге асырып, игілігін көріп отырған – әзірбайжандықтар.

«Өзіміз ойлап тапқанмен, іске асыруға келгенде неге ақсадық?» деген сауалды қойғымыз келгенде осы жобаның басында тұрған Әлихан Бәйменов «Мен кешірім сұраймын. Мен қазір жол жүреміг» деп қысқа жауап қайырып, асығып кетіп қалды.

Ал, шенеуніктер арасында жемқорлықты жою туралы шетелдік қонақтардың баяндамалары біздің атқамінерлерге аса қызық емес сияқты. Маңызды мәселе айтылып жатқанда бірі телефонмен шаруасын шешіп, енді бірі қалғып отырды. Тіпті тақырып батып кете ме деп бармағын тістегендер де болды. Залды ұйқысынан АҚШ-та полиция қызметін атқарып жүрген қазақ жігіті Димаш Ниязов оятты. Оның сөзі қазақстандық әріптестеріне арналды.

Димаш НИЯЗОВ, Нью-Йорк Полиция департаментінің қызметкері: «Менің осы жұмыста жүргеніме алты жыл болды. Сол уақыт аралығында біздің бір рет болсын пара алған күніміз болған емес. Олардың мәдениетінде пара алмау бұрыннан бар. Жүйе солай қалыптасқан. Біздегі менталитетті де өзгертуге болады. Алайда «кәрі итке жаңа трюкті үйрете алмайсың» деген де сөз бар».

Бұл сөздер жиналғандардың біразына ой салғандай болды. Десе де, елімізде парамен ұсталғандардың саны көңіл көншітпейді. 2017 жылы әлемдік рейтингте 200-ден астам елдің ішінде 122-ші орынға тұрақтаппыз. Ал өткен жылы елімізде пара алған 1096 мемлекеттік қызметкердің үстінен іс қозғалған.

Меруерт Ахан