Ордабасы ауданының жолдары талапқа сай келмейді

328

«Сапалы жол — Түркістан Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесі аясында Ордабасы ауданында мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен салынған жергілікті жолдарға мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді.

Автокөлік жолдарының сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е.Тұңғышбаев, аудан әкімінің орынбасары А.Оралбаев, «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығы Түркістан облысы бойынша филиалы мамандары, Ордабасы аудандық арнайы мониторингтік топ мүшесі Н.Көшбаев, аудандық «Nur otan» партиясы филиалының сектор меңгерушісі Г.Толыбаева, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Искаков, сектор меңгерушісі Ғ.Оспанқұл, ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Н.Амангелдиев және мердігер компания басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мониторинг жұмысы аудан орталығының Темірлан ауылында «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан жолдардың сапасына жүргізілді. Жылжымалы жол зертханасы арқылы жаңадан салынған 4 көшеден, яғни Рахымбердиев, Төлеби, ПМК және Ынтымақ көшелерінен сынама алынды.

Асфальт бетон кесінідісі алынған жолдар жамылғысының қалыңдығы сметалық құжатқа сай емес, сондай-ақ, тексеру жұмыстары жүргізілген барлық көшелердің жол жиегінде жарылулар, екі көшенің қосылған жерлерінде тегісіздік, үгітулер анықталған.
Нәтижесімен мердігер компания басшылығына жолдарды талапқа сай қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты — автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан/қалалардың жолдары бақылауға алынып, мониторингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.