Су арнасының сүбелі тірлігі

199

Су арнасынан жағымды жаңалық. Қалалық «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сайты жаңарды. Енді пайдаланған қызмет тарихын үйден шықпай-ақ білуге, ақысын төлеуге, компания басшылығының қабылдауына жазылуға болады. Бұл аталған компания тұтынушыларына уақыт үнемдеуіне көмектеседі. Жаңа сайттың басқа да мүмкіндіктері жайлы су арнасында өткен баспасөз жиынында айтылды.

ҮЙДЕН ШЫҚПАЙ-АҚ ҚЫЗМЕТ АЛУҒА БОЛАДЫ

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орманның сөзінше, ақпараттық технология тұтынушылардың есеп айырысуын жеңілдетіп қана қоймай, қажеттілікті өтеуге көмектеседі. Компьютер не ұялы телефондағы браузер арқылы компанияның сайтына кіріп, соңғы 10 айдың төлем тарихын көруге, төлем түбіртегін басып шығаруға, басшылықтың қабылдауына жазылып мекемемен кері байланыс орнатуға болады. Сонымен қатар, сайтта компания туралы, оның жетістіктері, жоспарлары мен серіктестері жайлы, жаңа технологиялар мен инвестициялар, тұтынушыларға қажетті мәліметтер жазылған. Елдегі және әлемде орын алып жатқан ақпараттарға қанығып, пайдалы кеңестерді де оқи аласыз. Сайт су арнасының Facebook, Twitter, Instagram, Вконтакте сынды әлеуметтік желілердегі парақшаларына да «байланған». Сондықтан да осы қосымшаларға сайт арқылы тікелей кіруге болады. WhatsApp нөмірі де бар. Енді қажет ақпарды жіберу үшін, ватсап нөмірін телефонға сақтаудың қажеті жоқ. Нөмірді сақтамай-ақ, сайттағы ватсап түймесін басып, су арнасының диспетчерлік қызметімен байланысуға болады. Апатты жағдай, тағы басқа да хабарламаларды тікелей жолдай аласыз.

ЭЛЕКТРОНДЫ БАҚЫЛАУ

Анарбек Орманның айтуынша, ақпараттық технология мүмкіндігін пайдалануда шымкенттік су арнасына тең келер мекеме жоқ. Мұндағы әрбір жұмыс цифрландырылған жүйемен жұмыс істейді. Мәселен, суды өндіру және тасымалдау процесі толығымен автоматтандырылған, бақылау технологиялық процесті басқару жүйесі арқылы жүргізіледі. Оны су арнасының орталық диспетчерлік пункті басқарады. Диспетчерлер тәулік бойы Шымкент су құбыры жүйесінің негізгі тораптарындағы су қысымының деңгейін бақылайды – деректер басты мониторда көрсетіледі. Осы технологияның арқасында тұрақты сумен жабдықтау қамтамасыз етіліп, апаттық жағдай төмендеген.
Сондай-ақ, тұтынушылардан түскен өтінімдердің уақытылы орындалуына тұрақты бақылау жүргізіледі. «Пилот» бағдарламасы GPS жүйесі арқылы апаттық бригадалардың қозғалысын және жұмыс орындау уақытын қадағалайды. Навигаторларды орнатқаннан кейін автокөліктің жүрісі қысқартылды.
Арнайы қосымшалар арқылы санитарлық-қорғау аймағының бұзылуына бақылау жасалады
– Жаңа технология судың көрсеткішін электронды алуға да мүмкіндік беріп отыр. Демек, суды есептейтін орамдық, жалпы жеке және жалпы үйлік құралдардың көрсеткіштерін білу үшін нысана орнына барудың қажеті жоқ. Себебі, есептегіш құралдары автомат-тандырылған жүйеге қосылып, дистанционды-қашықтықтан бақыланады. Сол үшін «Вавиот», «Орион», «Энергия» и «Пульсар» маркаларының модемі орнатылды. Осылайша, 2018 жылы автоматтық режимдегі – 3317, 2019 жылы 4590 дана жалпы үйлік су есептегіш құралы орнатылған. Бұл қаладағы жалпы үйлік су есептегіш құралдарының 98,7 пайызы автоматтық режимде жұмыс істейді деген сөз. Нәтижесінде, су өлшегіштердің жұмысына әсер етуге тырысатын кейбір тұтынушылар тарапынан ұрлау және теріс пайдалану фактілері төмендеді. Жеткізушіден тұтынушыға дейінгі әрбір кезеңде есептеу құралдарынан көрсеткіштерді алыстан алу жолымен шығындар мен айырмашықтар бақыланады. Нақты уақыт режимінде судың есебі көрсетіледі. Барлық пайдаланушылар өз деректерін клиенттік кабинетте WEB сервис арқылы көре алады,- дейді бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің үлесі зор

Келесі кезекте Анарбек Орман «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
– «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 21 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді,-деді Анарбек Орман.
Оның сөзінше, Түркістан облысында, басқа қалалар мен ауылдарда да су арналары бар. Бірақ олар мемлекеттің балансында. Ал мемлекеттің қаржысына ешкімнің басы ауырмайды. Жаны ашымайды.
– Мемлекеттік су арналарының шығыны шаш етектен. Ал жұмысы мардымсыз. Ал «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС – жекенің меншігі. Оған біз өз қалтамыздан қыруар қаржы салдық. Несие алдық. Сол себепті де жұмсалған күш, қаражат еселеніп қайту үшін аянып қалмаймыз. Сондықтан болса керек жұмысымыз алға басып келеді. Осы бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің де қосып отырған үлесі зор,-дейді бақылау кеңесінің төрағасы.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС диспетчерлік қызметінің
тел: +7 708 110 2121,
WhatsApp +7 705 758 11 11

Орталық диспетчерлік қызмет тел: 321-274, 323-574

Жедел желі: 321-275

Сайты: www.wrm.kz
E-mail: info@wrm.kz

Кәсіпорынның тиімді жұмыс істеп отырғанын Анарбек Орманның келтірген мысалдарынан да көз жеткізуге болады. Мәселен, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері есебінен жыл сайынғы есептелген салық сомасы жылдық кірістің шамамен 15%-ын құрайды екен. 2018 жылы салықтардың барлық түрлері бойынша 1 313 миллион теңге есептелсе, бұл 2015 жылмен (736 миллион теңге) салыстырғанда 86,7%-ға өскен. 2009-2018 жылдары Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен, бес келісімшарт түзіліп, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5,5 %-бен 13 жыл мерзімге жалпы сомасы 13,6 млрд теңгеге инвестиция тартылды, қаражат толығымен игерілді. Кәсіпорында тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының (Алматы, Атырау, Тараз, Қызылорда,Ташкент және Наманған қалаларының су арналарының) мамандары болған. Кәсіпорынға шетелдік компаниялар да қызықты ұсыныстарымен келіпті. 2018 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Қ. Жұмағалиев пен Ұлттық экономика министрлігінің жауапты қызметкері – ҚР Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы М. Жаймбетов цифрландыру бойынша кәсіпорынның іске асырылып жатқан жобаларымен танысты. Олар өндірісті цифрландыру бойынша жұмысты оң бағалап, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің Қазақстан Республикасы бойынша жұмыс тәжірибесін тарату туралы тапсырма беріпті.
Қаржылық қиындықтар, сан түрлі проблемалар алқымнан алып, қыспаққа-қысса да мекеме өзінің алдына қойған бағытынан таймақ емес. Және өзге су арналарына үлгі болуы үшін аянып қалмақ емес.

КҮНІНЕ 100 АДАМ МӘСЕЛЕСІН АЙТЫП КЕЛЕДІ

Театр киім ілгіштен басталса, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не келгендер бірінші кезекте азаматтарды қабылдау бойынша қызмет көрсету бөліміне ат басын бұрады. Сондықтан да мекеменің жұмысын баяндап, жаңалығымен бөліскен Анарбек Орман жиналғандарды осы бөлімнің жұмысымен таныстыруды жөн көрді. Бөлім жетекшісі Бахыт Жолдаровтың сөзінше, мұнда күніне шамамен 100 адам түрлі сұрақтармен жүгінеді екен. Оларды көбін су және кәріз жүйесінің тарифтері, канализациялық жүйелердің жаңаруы, санитарлық-қорғау аймағының сақталуы сынды мәселелер қызықтырады. Әр азаматтың мәселесіне қарай бөлім жетекшісі оны тиісті сала маманына жолдайды. Керек болса, қажетті құжаттардың тізімін береді. Басшылықтың қабылдауына жазады. Айтуынша, күніне басшылықтың қабылдауына 20-30 адам жазылады. Бірнешеуін сала-сала бойынша мамандарға жібереді. Қалғандары мәселесін осы кабинеттен шыққпай-ақ шешетін көрінеді. Бір сөзбен айтқанда су арнасына келген кез келген азамат Бахыт Жолдаровтың алдынан өтеді. Маман оларға кеңес беріп қана қоймай, тұрғындардың мәселесінің оң шешімін тапқанын қадағалап та отырады.

200 000-нан астам АБОНЕНТ БАР

«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында мекеме Шымкент қаласымен Сайрам ауданын қосқанда 1 миллионға жуық адамды таза ауыз сумен қамтамасыз ететінін білдік. Бұл дегеніміз 117 мың жеке тұрғын үй, 85 мың көп қабатты тұрғын үй. Сондай-ақ, мекеме 6000-нан астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Заңды тұлғалармен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі Әзиза Ибраимованың берген мәліметіне сүйенсек, 6000 абоненттің 420- сы бюджеттік мекеме болса, қалғандары жеке кәсіпорындар. Жеке тұлға болсын, мейлі заңды тұлға болсын қызмет ақысын ағымдағы айдың 25-ші жұлдызына дейін төлеуі тиіс. Ал төлем ақысын 2 айдан кешіктіргендерге мекеме қызмет көрсетуден бас тардады. Бүгінгі таңда мекеме алдында қарызы бар заңды тұлғаның бірі «Сайрам» ЖШС. Бұл мекеменің су арнасы алдында 5 млн теңгеге дейін қарызы бар. Әзиза Ибраимованың айтуынша, қарызданушылардың қатарында білім ошақтары да бар. Дегенмен, су арнасы бұл мәселеден шығудың тиімді жолын қарастырады екен.
Айта кетейік, негізі Шымкент қаласында су арнасы осыдан 57 жыл бұрын құрылған. Ол кезде оның атауы «Водоканал» болатын. Ал «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 1998 жылы құрылыпты. Осы аралықта мекеме Шымкенттіктер мен Сайрам ауданының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ, мекеме кәріз жүйесінің қызметіне де жауапты.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 6 қараша 2019 ж