Шымкентте ерлі-зайыптылардың ерегісі пышақтасумен аяқталды

356

Шымкентте ерлі-зайыптылардың ерегісі пышақтасумен аяқталды. Оқиға «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты пәтердің бірінде орын алған. Туыстарының айтуынша, 4 жыл отандасқан күйеуі мен әйелі жоқшылықтан жиі жанжалдасады екен. Ал бұл жолы екеуі де қанға боялып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан.

Қанды оқиға 23-желтоқсан күні түс ауа болған. «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты пәтердің біріне қоныстанғанына жарты жылдан асқан ерлі-зайыпты ерегесіп қалады. Көршілердің айтуынша, отағасы қатты ашуға булығып, әйеліне пышақ ала жүгірген. Ол терезені ұрып, көптен көмек те сұрапты. Ал сол арада әйелін жарақаттап үлгерген күйеуі өзіне де қол салмақ болғанға ұқсайды.  «Бұл үйде жиі жанжал болады негізі, осыдан 3 күн бұрында үлкен ұрыс болды. Күйеуі ауылына кетемін деп менен 200 теңге сұрады, кешке қарызын қайтарып берді. Ал бүгін түскі сағат 15-00-дер шамасында тағы да төбелес болды ғой. Барсақ, күйеуі жерде қан-жоса болып жатыр», – дейді көршісі.

48 жастағы ер адам мен одан 10 жас кіші зайыбы жедел жәрдеммен қаладағы №1 клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, екеуінің де өміріне аса қауіп жоқ болғанымен, ер адам әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Тайбек Садықов, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Ер адамның диагнозы – мойын аймағының көптеген жарақаты. Яғни, ол қалқанша безінің зақымдануымен келіп түсті. Түскен кезде ота бөліміне жатқызылып, жедел түрде операция жасалды. Бүгінде жағдайы бірқалыпты, бірақ жансақтау бөлімінде. Ал екінші азаматшаның диагнозына келетін болсақ, көптеген пышақ жарақаты, яғни қол, жамбас және мойын аймағында. Бұл кісіге де дер кезінде ота жасалынды, қазіргі уақытта жағдайы бірқалыпты, хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр».

Ал ер адамның өзіне қол салды дегеніне туыстарының сенгісі жоқ. Сөздеріне сенсек, олардың шаңырақ көтергеніне – 4 жылдан асқан. Және 4 жасар перзенті бар. Әйел үйінде тігіншілік етеді, ал ері – жұмыссыз. Жанжал да содан шығады екен.

«Бұл жанжал сол 70 мың теңгеден шықты. Жеңгем ағама жала жауыпты. «70 мың

Әлия Әбжаппарова

теңгем жоқ, сен ұрлап алдың», – деп. Ағам маған хабарласып, «мен алған жоқпын» деп жылады. «Қарындасым төбемде Құдай тұр, мен 70 мың теңгені алған жоқпын, өзім ақша таппаған соң, мен оны не істеймін?», – деді. Ал қазір жоғарыдағы дәрігерлерден сұрадым, ағамның мойны үш жерден қырқылған деді. Адам өз-өзіне қол салғанда, мойнын 3 рет қырқып тұрады дегенге сенбеймін! Оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес», – дейді қарындасы Әлия Әбжаппарова.

Бұл іс бойынша қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Айта өтейік, өткен жылы Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан  екі әйел көз жұмған болатын. Биыл да жыл басынан бері тура сонша қайғылы жағдай тіркеліп отыр екен.

Данабай Алиев, Шымкент қалалық ПД ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы: «Мегаполисте күніне отбасы жанжалдары туралы 40-45 шақыртулар келіп түседі. Біз оларға барып, қорғау нұсқамасын шығарып, есепке алып отырамыз».

Полицияның ескертуін елемей, әйелін қайта сабайтындар көбейген. Тәртіп сақшыларының сөзіне сенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі жол беретін жәйттер көбіне қаламыздағы Әл Фараби ауданында тіркеледі. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте шаңырақ астындағы шудан зәбір көрген әйелдердің саны 2695-ке жетіпті.

Мөлдір Бекеева