Созақ ауданында із-түзсіз кеткен 13 жасар қыз Шымкенттен табылды

167

Түркістан облысының Созақ ауданында үйінен шығып кетіп, із-түссіз жоғалған 13 жасар қыз Шымкент қаласынан табылды.

10 желтоқсан күні түнгі сағат 03:00 шамасында Созақ ауданының полиция бөліміне жергілікті әйел арызданып, 13 жасар қызының 9 желтоқсан күні кешкі уақыттан бері табылмай жатқанын хабарлаған. Алғашқыда қызды өздері іздеген ата-анасы нәтиже шықпаған соң полиция бөліміне келіп арызданған. Аталған жайтты бірден тіркеуге алған полиция қызметкерлері 7-сынып оқушысын табу үшін учаскелік полицейлерден құралған арнайы күшті жұмылдырды.

Полицейлер такси жүргізушілерінен, аудан орталығындағы саудагерлерден, көріп-білуі мүмкін деген адамдардан сұрастырып шықты. Олар сонымен қатар жоғалған қыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына арнайы мамандар арқылы шығып, қыздың жүрген жерін топшылайды.

«Осындай жедел шаралар атқарылып жатқанда қыздың ата-анасы да қайта-қайта полиция бөліміне келіп, полицейлердің «іздеп жатырмыз» деген сөзіне қанағаттанбай, біраз шу шығарады. Бірақ қандай жағдай орын алса да, өз ісіне мұқият кіріскен полицейлер іздестіру жұмысын жалғастыра береді» делінген хабарламада. Ақыры сол күні кешкі уақытта учаскелік полицейлер қыздың Шымкент қаласындағы сауда орындарының бірінде қыдырып жүргенін анықтап, сол жерден бөлімшеге алып келеді. Қуаныштан көзіне жас алған ата-ана қыздың дін аман табылғанына қуанып, полицейлерден кешірім сұрап, әсіресе шыдамдылық танытып, қызды мегаполистен алып келіп, дін аман табыстаған учаскелік полицей, полиция подполковнигі Сакен Әшірқұловқа ерекше алғыс айтты.

Тергеу барысында белгілі болғандай, жасөспірім қыздың үйінен кетіп қалуына ата-анасымен арада болған кішігірім кикілжің себеп болған.