Жаңа Шаһардағы жер үсті өткелі биыл пайдалануға тапсырылмақ

211

 

Учаске бастығы Ринат Исмаилов

Ринат Исмаилов, учаске бастығы: «Жер үсті өткелін 15-ші желтоқсанда аяқтаймыз деп отырмыз. Қазір сырлау, плиталарды төсеу жұмыстары жүргізілуде».

Ағымдағы жылдың ортасында құрылысты бастаған мердігер компания жобалық- сметалық құжатта қарастырылған жұмыстарды аяқтауға жақынбыз дейді. Бұл сағызша созылған құрылысты жүргізуге тартылған төртінші ме, үшінші ме мердігер. Жер үсті өткелінің құны бастапқыда 189 млн. теңгені құраса, 2017 жылы жазда құжатқа өзгерістер енгізіліп, нысанның құны 217 млн. теңгеге бір-ақ жеткен еді. Қосымша қаражат поликорбанаттан шатыр, лифт және тірек бөлігін кеңейтуге қаралған.

«Шатыр болмайды. Жылы еден болады. Плиталардың астына кабель жібердік. Қыс мезгілінде қосылады. Эскалатор болады ма жоқ па әлі шешілмеді. Жобалық-сметалық құжаттағы лифтті орналастыру жұмыстарымен айналысудамыз»,- дейді  учаске бастығы

Шымкенттіктер бұл жер үсті өткеліне «алтын көпір» деп атау берген. Құрылыстың аяқталуын әсіресе бала мен қариялар асыға күтіп жүр.

Александр Ткаченко, зейнеткер: «Аптасына бір-екі рет Жаңа Шаһарға келіп тұрамын. Осы қиылыстағы жолдан өту біз үшін қауіпті. Бағдаршамды елемейтін көлік жүргізушілері де кездеседі. Тезірек мына көпірді қолданысқа берсе екен. Бізге жақсы болады. Жасымыз келген соң қозғалыс керек, бір жағынан қорықпай өтеміз».

«Осы аптада жер үсті өткелінде электр шамдары қойылады. Осы айдың ортасына дейін лифт іске қосылып, көріктендіру жұмыстары аяқталады» дейді мердігер.

Шынар Оразова