Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылына қарасты Бағыспаев пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы 64 пәтерлік 3 тұрғын үйлер ел игілігіне пайдалануға берілді.
Мерекелік шараны алғы сөзбен аудан басшысы Н.Тұрашбеков ашып, жиналған қауымды жаңа жылмен құттықтап, жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етті.
Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 2083 азамат болса, соның ішінде 192 азамат жаңа баспанаға қол жеткізгелі отыр. Оның ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен жас отбасылар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы аудан орталығынан және Састөбе кентінде жалғасын табады.
Сонымен қатар, жаңа қоныс иелерінің қуанышымен аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек және аудандық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Қ.Анашев бөлісіп, ыстық лебіздерін білдірді.
Жалпы үш 64 пәтерлі үйлердің кілттері: 69-көпбалалы отбасыға, 17- жетім балаларға, 36- толық емес отбасыларға, 42-мемлекеттік, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне, 5- мүгедек бала тәрбиелеуші отбасыларға, 21- 1 және 2 топ мүгедектеріне, 1-зейнеткерге, 1-жалғыз үйі апатты деп танылған жанұяға берілді.