2 миллионнан астам теңгенің малын ысырап еткен бақташы ұсталды

288

Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Бәйдібек АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Арызданушы бақташыға сеніп тапсырылған 600-ге жуық ұсақ малының ішінен 60 бас малының жоқ екендігін жеткізеді.

Аталған арыз Бәйдібек АПБ-не тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша қылмыстық іс қозғалады. Аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлері бірден бағыт алып тексеруді бастап кетеді.

Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрақ-жауаптар алады, сонымен қатар мал базарлар мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексеріледі.

Нәтижесінде, білікті полицейлердің күдігіне бақташы ілігеді. Тәртіп сақшылары тексере келе бақташының өзіне сеніп тапсырылған ұсақ малдарды жымқырып, өз иесіне 2 миллионнан астам шығын келтіргенін анықтайды.

Тергеу барысында белгілі болғандай, бақташы өзіне сеніп тапсырылған малды біртіндеп, иесі байқамайтындай етіп сата бастаған. Сатқан ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Күдікті бүгінгі таңда ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Бұрын сотты болмаған.

Қазіргі таңда болған жайтқа байланысты тергеу амалдары жалғасып, күдіктінің бұдан да басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері мал жайылымында малдарыңызды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ бақташыға сеніп тапсырылған төрт түлігіңізді де жиі қадағалап тұрғаныңыз жөн. Мал тұрағының шаруашылық жайы да мұқият бекітіліп, қажетінше ен салынып, таңбалануы тиіс. Ұры оңай олжаға кенеліп, соның салдарынан сізге шығын келмес үшін қора-жайларыңызды жақсылап қоршап, бекітіп, жарықтандырғаныңыз жөн.

Төрт түлігіңіз жоғалса немесе ұрланса, онда сіз уақыт жоғалтпай шұғыл түрде полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде қылмыскерлердің ізін суытпай құрықтауға көмектеседі.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі