Түркістан облысында импортқа тәуелділікті азайтып, экспорт көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өндірісті әртараптандыру мәселелері қаралды.
Мәжілісте кәсіпкерлік және сауда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармалары импортты алмастыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Мәліметке сәйкес, облыстың экспорттық әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. 2024 жылы өңірден 1 миллион 357 мың тонна өнім экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 571 мың тоннаға жетіп, 16 пайызға өскен. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында экспорт көлемі 795 мың тоннадан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артқан. Оның басым бөлігін өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және мал шаруашылығы өнімдері құрайды. Ал, импорт көлемінде керісінше төмендеу үрдісі байқалады. Өткен жылы өңірге 748 мың тонна өнім импортталса, биылғы төрт айда бұл көрсеткіш 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен төмен болды.
Қазіргі таңда облыста импортты алмастыру мақсатында еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы және қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа өндірістер қолға алынған.
Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету бағытындағы жобалар да қаралды. Қазіргі таңда облыс халқы көкөніс, бақша, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген дейді ауыл шарауашылығы басқармасының басшысы.
Алдағы екі жылда агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 269 миллиард теңгені құрайтын 43 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде құны 96,3 миллиард теңгені құрайтын 19 жобаны іске асыру көзделсе, бүгінге дейін бес жоба пайдалануға беріліп, 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне импортты алмастыру жұмыстарын күшейтіп, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және барлық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Нұргүл Жолымбетова






