Úı ANONS Алимент төлемеген 31 адамға қылмыстық іс қозғалды

Алимент төлемеген 31 адамға қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте алимент төлеуден жалтарған 31 адамға қылмыстық іс қозғалды. Қалада алиментке қатысты 14 мыңға жуық атқарушылық іс тіркелген. Оның 3300-ге жуығында берешек бар. Борышкерлерді алимент төлеуге мәжбүрлеу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Жұмыссыз жүрген алимент төлеушілерді жұмыспен қамту қалай жүзеге асады? Осы және өзге де тақырыптар туралы әділет департаментінің басшысы арнайы баспасөз мәслихатында айтып берді.

 

Шымкентте бөтеннің тауар таңбасын заңсыз пайдаланған 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова мәлімдеді. Сондай-ақ заңсыз айналымдағы құны 6 миллион теңгеден асатын 2 мың дана контрафактілік тауар жойылған. Департамент басшысының айтуынша, қалада 163 сот орындаушысы жұмыс істейді. Оның сегізі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік сот орындаушылары.

 

Сонымен қатар, робот-сот орындаушыларының құзыреті кеңейтіледі. Қазіргі таңда олар 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі өндіріп алу істерін қарайды. Ал жаңа заң күшіне енгеннен кейін бұл шек 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды.

 

Брифинг барысында Айнұр Исабекова алимент өндіру мәселесіне де тоқталды. Қазір Шымкентте алиментке қатысты 14 мыңға жуық атқарушылық іс бар. Соның шамамен 3300-інде берешек қалыптасқан. Яғни борышкерлер үш айдан астам уақыт алимент төлемеген. Мұндай жағдайда сот орындаушылары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.

 

Ресми мәлімет бойынша, алимент төлеушілер жергілікті мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналаса алады. Мысалы, биыл сот орындаушыларының көмегімен 250-ден аса борышкер жұмысқа орналасқан.

Дилара Иса