Шымкентте өткен жылдың шілде айынан бері бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Ол шығармашылық үйірмелерді, спорт секцияларын және қосымша білім беру бағдарламаларын қамтиды. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы ата-аналар баласына қажетті үйірме мен білім беру ұйымын өздері таңдай алады. Бұл жүйе бүгінде қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр?
Әр сабағын жаттығудан бастайтын бүлдіршіндердің жетістігі көңіл қуантады. Жас өнерпаздардың еншісінде ондаған диплом, кубок пен медаль бар. Мұндай мүмкіндікке ваучерлік жүйе де ықпал еткен. Бүгінде ол мемлекеттік және жекеменшік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелерді және қосымша білім беру орталықтарын Qosymsha.kz цифрлық платформасына біріктіріп отыр.
ЖАСҰЛАН ЕСЕНГЕЛДІ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Мектеп жасындағы 273 мың баланың ішінен 112 мың бала қосымша білім берумен қамтылған. Оның ішінде пилоттық жобамен жеке меншік өнім берушілерде 29 мың бала қамтылса, мемлекеттік мекемелерде 83 мыңға жуық бала қамтылып отыр. Ваучерлік қаржыландыру негізінде кезекте тұрған бала саны 12 мың болып саналады»
Ваучерлік жүйе арқылы балалар 17 жасқа дейін кез келген би үйірмесіне тегін қатыса алады. Мұнда ұлттық би де, хип-хоп та оқытылады. Қазір би студиясының екі филиалында 270 бала жаттығып жүр. Сабақтар жас ерекшелігіне қарай ұйымдастырылған топтарда өткізіледі.
ВЕНЕРА ЗИЯБАЕВА, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: «Қазіргі таңда кезекте 57 бала бар. Жазда балалардың шамамен 80 пайызы сабаққа қатысады. Әрине, кейбірі демалысқа кетеді. Бірақ қалғандары жаттығуын үзбей жалғастырады. Біз де жұмысымызды тоқтатпаймыз. Түрлі би бағыттары бойынша, оның ішінде эстрадалық би сабақтарын өткіземіз»
Балалар үшін бұл үйірме жаттығу жасап, өнер көрсететін орын ғана емес. Мұнда олар жаңа достар тауып, қабілеттерін дамытып, өмірлік сүйікті ісін табуға мүмкіндік алады.
Қосымша білім беру жүйесіндегі ашықтық пен тиімділікті күшейту үшін 2025 жылы ваучерлік қаржыландыру цифрлық платформа арқылы іске асырылды. Соның арқасында 28 237 бала мемлекеттік қолдаумен қамтылып, бұл бағытқа 2 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мұндай жүйенің балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап қана қоймай, отбасы бюджетіне түсетін шығынды да азайтқанын айтады.
ТАМАРА БОГАНЦЕВА, АТА-АНА: «Бұл баланың дамуына өте пайдалы. Бізден аса көп шығын шықпайды. Тек чешки мен спорттық киім аламыз немесе костюмді жалға аламыз. Жалпы, ата-аналар айтарлықтай қаржы жұмсамайды. Есесіне бала бос уақытын тиімді өткізіп, үйірмеге тұрақты қатысады»
Мамандар ата-аналарды ваучер рәсімдеу кезінде талаптарды мұқият сақтауға шақырады. Тексеру барысында бір уақытта бірнеше үйірмеге тіркелген немесе сабаққа қатыспаған 16 238 бала тізімінен шығарылған. Соның нәтижесінде жарты жылдың ішінде бюджеттен бөлінген 2 миллиард теңге үнемделді.
Лаура Бабас






