Адам қағып кетіп, бой тасалаған жүргізуші ұсталды

430

 Сарыағаш АПБ-нің «102» телефонына аудандық жедел-жәрдем бөлімінен Сарыағаш ауданының Құрама ауылында жол-көлік оқиғасы орын алғаны, соның салдарынан жаяу жүргінші қаза болғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Аталған хабарлама бойынша оқиға орнына Сарыағаш АПБ-нің жедел-тергеу тобы шықты.

Тексеру барысында Төңкеріс-Бостандық тас жолының бойында орналасқан Абылайхан көшесімен Жәми көшелерінің қиылысындағы «Ваз» маркалы автокөлігін басқарып келе жатқан жүргізуші, жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол апатынан алған жарақаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды.

Аталған жайт Сарыағаш АПБ-мен ҚР ҚК-нің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша тіркелді.

Адам өліміне алып келген жол-көлік апатын жасаған жүгенсіз жүргізушіні табу мақсатында тәжірибелі аудандық полицейлер шұғыл-іздестіру шараларын жүргізді.

Нәтижесінде, Сарыағаш АПБ-нің полицейлері қашып кеткен жүргізушіні жарты сағат ішінде ізін суытпай өз үйінен ұстады. Күдікті Сарыағаш АПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері жүргізушілерге көліктеріңізді басқарғанда жылдамдықты асырмауды, қарсы бағытқа шықпауды, қажетінше жаяу жүргіншілерге жол беруді, жол белгілерінде көрсетілген заңдылықтарды сақтауды ескертеді. Одан бөлек, жаяу жүргіншілерге жол бойында кез-келген жерді кесіп өтпей, тек белгіленген жаяу жүргіншілер жолағынан өтуге кеңес береді.