Таразда мектеп дәретханасында жасөспірім қызды зорлау оқиғасына қатысты сот басталды

117
фото inform.kz

Тараздағы Жамбыл облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта мектепте болған шулы оқиғаға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Еске сала кетсек, былтыр 15 қараша күні Тараз қаласының 102 пультіне жедел жәрдем қызметінен жасөспірім қыздың зорланғаны туралы хабарлама түседі. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігі бойынша жүргізілді. Көп ұзамай ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды.

Қайғылы оқиға мектептің дәретханасында болған. Зорлық жасаған күдіктіні ұстауға мектептің аумағында орналасқан камералар көмектескен.

Сотталушы – 38 жастағы облыс орталығының тұрғыны. Үйленбеген, бұған дейін осы тектес қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Ол қылмысты жасағанын толық мойындады. Оған 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Сот жапа шегушінің жас ерекшелігін ескере отырып жабық режімде өтетін болды.