Құмай тазылар сайысы тартысты өтті

426

Қаз-қатар тізілген тазы мен төбеттер жарысқа сақадай сай. Шара “Қансонар” бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Кілең тазылар сынға түсетін дәстүрлі байқау биыл да жалғасын тапты. Десе де,бұл жолғы сайыс бұрыңғыдан өзгерек. Тек иттердің көрмесімен ғана шектеліп қалмайды дейді ұйымдастырушылар

Қажымұрат Күлбәш, ұйымдастырушы: “Жеті қазынаның бірі саналатын тазыны биыл тек көрмесін өткізіп қоймай, жарыстырмақшымыз. Аңға саламыз, сырғаға жүгіртеміз. 5 жыл ішінде алғаш рет осындай болайн деп тұр”.

Шараның көздегені – қазақтың саятшылық дәстүрі мен аңшы иттерді насихаттау. Сондай-ақ, қолда бар тазы мен төбеттің өсіп-өнуін қадағалау.

Таза тазыны анықтау үшін бүгінгі шараға арнайы Алматы, Өскеменнен сарапшылар шақырылған. Олар бұл иттердің құлағы мен мойнының ұзындығын, тіпті көзінің орналасуына дейін өлшейді. Стандартқа сай болса ғана, оларға тазы деген төлқұжат беріледі. Қазақ асыраған текті тазының болмыс-бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, делдең құлақты, жоны дөңестеу келеді.

Әрбір итті осылай қарап шыққан сарапшылар бағасын беріп жатты. Тазы мен текті төбеттерге қарсақпен шиебөріні аулауға жолдамалар берілді. Ал таза тұқымды итті анықтау оңай емес дейді мамандар

Нұрғали Нұрышев, сарапшы: ”Біз иттердің барлық дене мүшесін тексеріміз, тіпті жүріс тұрысын, қалай жүгіретіндігін бақылауға аламыз”.

Байқауға келген 100- ге тарта иттің жартысы ғана оған қатысуға мүмкіндік алды. Жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген 3 топтан алға суырылып шыққан тазылардың алғашқы үштігі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Ордабасы бөктерінде өткен құмай тазылар сайысы тартысты өтті. Өңіріміздегі дәстүр сабақтастығы ретінде ұйымдастырылған бұл үрдіс 5 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Ал бүгінгі байқауда озық шыққан тазылар, келесі маусымдағы сыннан шеттеледі екен.

Нұрлан Сұлтанбек