Үшінші мегаполистегі ми батпақ…

382

Үшінші мегаполис тұрғындары әлі күнге дейін ми батпақтан құтыла алмай келеді. Солардың бірі Абай ауданындағы Амангелді көшесінің тұрғындары.

Жаңбыр мен қар жауса болды балшықтан көз ашпайтын олар өздерімен қосымша аяқ киім алып жүруге мәжбүр. Осылай деп арнамызға арызданған жұрт жанайқайын телеарна арқылы жеткізуді жөн көріпті.


Абай ауданына қарасты Тельман шағынауданының бұл тұрғындары егемендік алған жылдан бері тегіс жолды армандап келеді. Бірақ, асфальт көршілеріне бұйырғанымен, тұйықта орналасқан бұл көшеге бұйырмапты. Салдарынан жаңбыр мен қар жауса болды көше суға толып, кейін батпаққа айналады.

Салахитдин Юнусов, қала тұрғыны: «Қар мен жаңбыр жауса болды көрген күніміз осы. Балшық кешіп жүреміз. Өткен жылы әкімдіктен мамандар келіп, келесі жылы жол салатынын айтқан еді. Бірақ, сол уәде сөз күйінде қалды. Бәрінен де бала-шағамызды аяймыз. Су кешіп сабаққа барып келгеннен жиі ауыратын болды».


Ми батпақтан мезі болған елдің жауаптыларға айтар базынасы мұнымен бітпейді. Тұрғындарды көшедегі қаңғыбас иттер де қажытқан. Мұндағы тұрғындар қала орталығына белуардан балшық кешіп қана емес, иесіз иеттерден де қашып жетеді. Осының барлығын естіген аудан әкімдігі жағдайдың келесі жылы да оңалмайтынын айтады.

Ерғали Абилов, Абай ауданы әкімдігінің маманы: «Бұл көшеге асфальт тек келесі жылы төселуі мүмкін. Себебі біз өтінішті осы жазда берген болатынбыз. Енді оған сметалық құжат жасалып, қаржы қаралуы керек. Сондықтан да тұрғындарға тағы шыдай тұруға тура келеді».

Айта кетейік, тұйықта орналасқан бұл көшеге нақты атау да берілмеген. Ал, тегіс жолдың қашан төселетіні әзірге белгісіз. Осыған қарағанда тұрғындар әлі біраз уақыт қосымша аяқ киіммен жүреді.

 

Назерке Үкібасова