Аппарат қызметкерлері тергеу абақтысында болды

156

«Заңдылықты сақтау керек». Тергеу абақтысына жеткізілген шымкенттік шенеуніктер осындай байламға келді.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мамандары бұл жолы аудан әкімдерінің аппарат қызметкерлерін түзету мекемесіндегі жағдаймен таныстырды. Мақсат мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа деген берік иммунитетін қалыптастыру дейді ұйымдастырушылар.

Қаладағы 4 аудандық әкімдікте жұмыс істейтін түрлі салаға жауапты мемлекеттік қызметкерлер тергеу абақтысына қарай ағылды. Басшы-қосшысымен қосқанда 90 маманды тергеу изоляторының қызметкерлері күтіп алып, мұндағы тәртіпті тәптіштеп түсіндірді.

Сұп-суық ғимарат, темір қоршаулар, сүрініп кетіп, бүлініп кеткен тағдырлар тоғысы… Шенеуніктерге жазасын өтеушілердің серуендеу алаңшаларынан бастап жүкті әйелдерге арналған бөлмелерге дейін таныстырылды. Осының бәрін көзбен көрген мемлекеттік қызметкерлер қандай байлам жасап қайтты? Көбісі өз әсерлерімен бөлісуді жөн деп таппады.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қатысты 42 қылмыс тіркелген. 39 адам сотталған. Дені құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері дейді жауаптылар.

Алдағы уақытта департамент қызметкерлері түзету мекелеріне қаржы, экономика салалары өкілдерін де шақырамыз деп отыр. Бұл шарадан жұмысшы мен жұмыс берушінің құқын қорғауы тиіс еңбек инспекциясының мамандары да тыс қалмайды.

Мақпал Рысбаева