Бізді тастап кеткен әкемді анам арулап жерледі

369

Редакцияға хат жазған кейіпкеріміз әкесінің тағдырын баяндады. Тұрақты оқырманы-мыздың хаты қолда барда алтынның қадірін біліп, барды бағалауға шақырады.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы. Бірнеше ай бұрын отбасымызда қайғылы жағдай орын алды. Сіздерге хат жазғым келді. Бірақ ойымды жинақтап алу үшін біраз уақыт өтуін қаладым. Мен әкемнің басынан өткен оқиғаны баяндағым келеді. Отбасымыздың оқиғасы.
Ата-анам шаңырақ көтеріп, 4 бала сүйген. Ағам, інім және сіңлім бар. Кіші інім 4 жасқа толғанда әкем бізді тастап, басқа әйелге кетіп қалған. Ол кезде мен ес білетінмін. 6-сынып оқитын едім. Әжеміз анама «Ат айналып қазығын табады. Біраз уақыт бер, ана әйелдің шын бет-бейнесін көрген соң, саған міндетті түрде қайтып келеді. Өзің үшін болмаса да балаларың үшін әліптің артын бақ» деп айтып отырушы еді.
Обалы не керек, ата-әжем анамның қабағына қарап, оның көңілін тоқ қылу үшін барын салды. Бізге де өте жақсы қарады.
Әкемнің бізді айырбастап кеткен әйелі оны шын жақсы көрмейтін. Оған керегі – тек ақша болған. Әкеміз өте білімді адам болды. Біраз бизнесі бар еді.
Ай сайын өте жақсы ақша түсетін. Ол әйел әкем мен анам заңды түрде ажыраспай тұрғанда аяғы ауыр болып қалған. Атам мен әжем ол келіншекті келін ретінде қабылдамады. Тек қана оның әкемнен туған баласына ғана жылы шырай танытатын. Әжем айтқандай, әкеміз екінші әйелінен тез кете салмады.
Сол әйелге қалай үйленді, өмірінде көп қиындық бола бастады. Бизнесі кері кетті. Өзінде қалған бірнеше жер мен үйді сол келіншектің атына аударып қойғандықтан өзі дымсыз қалды. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде әкем барлығынан айырылды.
Ақшасы жоқ, жолы болмай жүрген кезінде бізге айырбастап кеткен келіншектен де қолдау болмады. Ол керісінше үнемі миын жеп, сәтсіздіктерін бетіне баса берген соң ол әйелден де кетуге мәжбүр болды. Екі баласынан да кетті.
Анам атам мен әжемнің сөзін тыңдап, әкемді 2 жыл күткен. Бірақ ана келіншек екіншісіне жүкті кезінде бізді алып, өзінің әке-шешесі тұратын ауылға көшіп барды. Атам мен әжем де тоқтата алмаған.
Екінші келіншегін тастап кеткен әкем біз күткендей анама қайта оралмады.
Бала болсам да сезетін едім. Шешем оның келуін қаламайды емес, қалайтын сияқты еді. Бірақ нәтиже біз күткендей болмады. Анам бар өмірін 4 бала-шағасына арнады. Ағам мен інім бұзықтау болып өсті. Олардың әрекеті де шешемді шаршатты. Ұл балаға әке тәрбиесі керек болғандықтан, біздің үйдің жігіттері анамның сөзін елей бермейтін. Бір сөзбен айтқанда екеуі шешемізді сыйламайтын еді. Енді қайтсін, көрген тәрбиелері сол. Ал сіңлім екеуіміз анамызға барынша қолдау көрсетуге тырыстық.
4 жылдай әйелдерден аулақ жүрген әкеміз жағдайын сәл реттеп алған соң жап-жас, менен 5-6 жас үлкен қызға үйленді. Бірақ онымен де некесі ұзаққа бармады. Небәрі 6 ай ғана отасып, ажырасып кетті. Ол адаммен не себепті үйленіп, не себепті ажырасқаны әлі түсініксіз. Жас болған соң, қатты мән бермеппін. Білуге де құлшыныс танытпадым.
Үшінші әйелінен ажырасқанға дейін бауырларымның ешқайсысы әкеммен араласпады. Ағам мен інім керісінше оны жек көретін. Көріп қалса, жаман сөз айтып ренжітетін. Мен ғана әкеммен дұрыс сөйлесуші едім. Ішімде бір реніш болғанымен бәрібір ол менің әкем деп қабылдадым.
Шаршап жүрсе, барып тамағын жасап беріп, немесе киімін жуып кететін едім. Сондықтан шығар, әкем маған жақынырақ болды. Менімен көп сөйлесетін. Оны енді ғана кешіріп, «бауырларымды да әкемізді сыйлауға үйретемін» деп жүргенде ол тағы да төбемізден жай түскендей әрекетке барды.
Бұл жолы 2 баласы бар, күйеуінен ажырасқан әйелмен отбасын құрды. Жас келіншек. Өте мінезді. Әкемнің де мінезі бар адам. Ол әйелдерімен осы мінезінің кесірінен ажырасып кете беретін. Төртінші әйелімен де жылға жетпейтін уақыт бірге тұрды да екеуі екі жаққа кетті.
Бұл жағдайдан кейін әкеме деген көңілім қалып онымен араласқым келмеді. Өз отбасыммен әуре болып, оның өмірінде не болып жатқанынан хабар алғым келмейтін.
Біз ата-әжемізбен және әкемнің қарындастарымен өте жақсы араластық. Барлығы бізді жақсы көретін. Анама деген құрметтері ерек еді. Шешемнен басқа ешбір әйелімен жақын араласпады.
Төртінші некесі де дұрыс болмағандықтан әпкелерім оны анама қайтаруға тырысты. Бірақ ол қайтпады.
Мен де кірін жуып, үйін тазаламайтын болдым. Өйткені қатты ренжідім. Дегенмен, не ішіп, не жеп, не киіп жүргенін ойлап, уайымдайтынмын.
Мен де қарамағандықтан және анамның да оны қабылдағысы келмегендігінен болса керек, азып-тозып кеткен ағаларына қарындастары соңғы рет бір әйел алып беруге ұйғарды. Бұл жолғы әйел әкемнің емес қарындастарының таңдауымен келді. Ол тұрмыс құрмай, отырып қалған орта жастағы қыз екен. Бір көргеннен онымен де ұзаққа бармайтынын сездім. Ішкі түйсігім мені алдамады. Әкемнің мінезіне шыдай алмай ол да 9 айдан соң, кетіп қалды.
Осыдан кейін қарындастары да оған келіншек тауып беруге тырыспайтын болды. Мен қанша ренжісем де әкеме өзім қарадым. Әкем одан кейін ешкімге үйленбеді.
Үйінде бір өзі тұрып жатты. Көбінесе жұмыстарымен басқа қалаларға кетіп қалатын. Жағдайы мәз емес екенін сезетінмін. Себебі, ешқандай артық табыс таппайтын.
Солай жүріп-жүріп бір күні үйінде жалғыз жатып қайтыс болды.
Бұл бәрімізге өте ауыр тиді. Бір өзі, ешкімі жоқ адам сияқты өмірден өткені жанымызға батты.
Шынымды айтсам, сонша әйелдерінің ішінен оның қазасына шын қайғырғаны – менің анам ғана. Әкемнің артынан әр жұма сайын құран бағыштап отыратын да менің анам. Басқаларының біреуін де көрмедік.
Тек екінші әйелі, яғни екі баласының анасы ғана жаназасында бір бой көрсетті де жоқ болды. Әкемді де ақтық сапарға шығарап салған да менің шешем.
Қанша жыл әкеміз жайлы жаман нәрсе айтпайтын. Қазір же ұлдарына оның жақсы жақтарын айтып отырады. «Әкелерін жақсы жағынан естерінде сақтасын» дейтін шығар. Ал ағам мен інім бұл қазаны қатты сезінбеді. Оларға «неге қайғырмадың» деп те айта алмайсың. Жауаптары белгілі.
Әкем қайтыс болғаннан кейін 1 ай бойына күнде әкем түсіме енетін. Ол үшін шын жаны ауырған біз екенімізді сезген болар.
Қарындастарының айтуынша, ол анамнан кешірім сұрап келмекші болған екен. Бірақ ұяты жібермепті.
Менің бұл хатымды әкем тағдырлас еркектердің бірі болмаса бірі оқитын шығар деген ниетім бар. Оқып қана қоймай, көкейіне ой түйсе екен. Өйткені сіз өткеніңізге өкініп жүргенде бәрі кеш болуы мүмкін. Сондықтан барыңызды барында бағалай біліңіз.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020 ж