Úı ANONS 35 әке бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отыр

35 әке бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отыр

Шымкентте 35 әке бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отыр. Бұл көрсеткіш ер азаматтардың отбасындағы жауапкершілігі артып келе жатқанын аңғартады. Мамандардың айтуынша, бала күтіміне байланысты демалысқа шығу құқығы заң жүзінде анаға да, әкеге де бірдей берілген.

Алайда қоғамда бұл мүмкіндікті көбіне әйелдер пайдаланып келеді. Жалпы, бала күтіміне қатысты әлеуметтік төлемді қашан, қай уақытта алуға болады? Ал, декреттегі әкелерге қоғамның көзқарасы қандай?

«Декреттегі әке» бұл ұғымды естігенде бірден кірпідей жиырылып қалатынымыз рас. Алайда, әкелер де бала күтіміне байланысты еңбек демалысын алуға әбден құқылы. Мәселен, Шымкент қаласында, 35 әке үйде баласын бағып-қағып отыр. Бұл ұят па? Әлде абырой ма? Бұл тақырыпқа қатысты ел не дейді?

«Ең бірінші бала ғой. Ондай әкелерге рахмет. Бас иемін. Оларға төлеп беру керек қой. Біздің Қазақстан бай ғой».

«Баланы тәрбиелеу ата-анаға бірдей. Әрине қазақта айтады ғой. Әкең мың жерден ғалым болса да, үйде тезек теріп отырған ананың тәрбиесіне ештеңке жетпейді. Қазіргі заманда аналардың жұмыс бабымен шыға алмайтын жағдай болса, әкенің бала қарағаны дұрыс».

«Әр түрлі система бар. Отбасында не болып жатқанын білмейміз ғой. Келіншегі жұмыс істесе ол да дұрыс. Бір жағынан ол ұятты нәрсе».

Осылай деген тұрғындар, әкенің бала тәрбиесіне ерте араласуы отбасындағы қарым-қатынасты нығайтып, баланың психологиялық дамуына оң әсер етеді дейді. Расында солай шығар. Мамандардың сөзінше, бұл үрдіс гендерлік теңдікті қалыптастыруға да ықпал ететін көрінеді.

ДОСБОЛ ТІЛЛӘБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ «МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» АҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Заңнаманың жалпы конструкциясы негізінен әйел адамдарға жазылған. Бірақ, дегенмен ер азаматпен әйел азаматтың құқығы бір. Сол себептен ер азаматтарда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді иеленуге де құқығы бар. Шығуға да құқығы бар. Заң шеңберінде айтатын болсақ, бұл екі төлем бір-біріне байланысқан. Жүктілікке және босану бойынша және бала күтімі бойынша».

Мамандардың айтуынша, «декретке» шығатын әкелер көп жағдайда құжатты кеш тапсырады екен. Алайда, заң бәріне ортақ. Бірер күн кешіксең, төлемнен қағыласың. Талап бойынша, әкесі декреттік демалысқа шығу үшін бала туылған күні жұмыстан босатылуы тиіс.

ДОСБОЛ ТІЛЛӘБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ «МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» АҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Егер ер азамат, әкесі бізге жүгінгісі келіп тұрса, жұмыс орынан анықтама алып келу керек. Ол яғни, әлеуметтік тәуекел күні жұмысынан айырылу керек. Табысынан айырылу керек. Бала туылған күні жұмыс орнынан қағаз алып келсе, біз төлеп береміз».

Ал, мәжіліс отырысында депутаттар жұмыс істемейтін әкелердің декреттік демалысы зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынсын деген бастама көтерді. Қабылданған заң аясында кәмелет жасына толмаған балаларға нақты күтім жасаған уақыт енді жұмыс істемейтін әкелердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетін болады. Тиісті нақтылаулар Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске енгізіледі деді депутаттар.

Нұргүл Жолымбетова