Úı ANONS «Әкесін ұрып соққан»: Іс сотта қарала бастады

«Әкесін ұрып соққан»: Іс сотта қарала бастады

Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында әкесін ұрып-соғып, қинаған 41 жастағы Алмас Садақбаевтың ісі Жетісай аудандық сотында қарала бастады. Садақбаев әкесіне неге қол көтерді? Оқиғаны видеоға түсірген қыздардан бастап ауыл әкімі, тіпті учаскелік полицей неге бұл туралы тіс жармады? Қарияның қайтыс болу себебі анықталды ма? Осы және өзге де сұрақтарға сот отырысына барған Отырар телеарнасының тілшісі жауап іздеп көрді.

Бүгін Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Шардара ауданы Қоссейіт ауылында болған дәл осы оқиғаға қатысты істің кезекті отырысын өткізді. Мұнда айыпталушы да, жәбірленуші де бір атаның балалары.

Айыпталушы 41 жастағы Алмас Садақбаевқа 70 жастағы мүгедек әкесін тірі кезінде ұрып-соғып, қинады деген айып тағылған. Оның қарт әкесін өткен жылдың тамыз айында үш рет ұрып-соққаны видеоға түскен. Дәрменсіз күйдегі әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, күш қолданған, соққының астына алған. Оның қатігездікпен жасаған әрекетін көрші үйдің қыздары жасырын видеоға түсіріп алған.

АЛМАС САДАҚБАЕВ, АЙЫПТАЛУШЫ: «Күнделікті әбіржиміз, қиналамыз қарт адамға. Ашуым шығып кетеді, айқайлап қоямын. Қызы түсіріп таратқанша, маған келіп айтсаңыз болар еді. Не болып жатыр, жәрдем керек пе? Білесіз ғой жағдайды, өзіңіз білесіз ғой».

Сот отырысында ауыл әкімі, бұрынғы полиция инспекторы, дәрігерлер мен медбикелерден жауап алынды. Олардың сөзінше, айыпталушы ауыл мешітінде азан шақырып, соңғы жылдары мәдениет үйінде жұмыс істеген. Видео әуелі ауыл ішіне тараған. Бірақ бірде бір адам бұл туралы полицияға хабарламаған. Ауыл амбулаториясының дәрігері, куә Гүлжан Чукманова видеоны көргенін сотта растады. Ол видеоны алып, Қоссейіт ауылдық округтің әкімі Нұрбол Жайнарға барып, айыпталушымен сөйлесуді сұраған. Өзі қарияға барып, жағдайын білген.

ГҮЛЖАН ЧУКМАНОВА, КУӘ: «Бірінші барып көрген кезде дене жарақаттары жоқ. Бас жарылу. Дене жарақаттары жоқ. Бейне жазбаны көргеннен кейін ауыл әкімдігіне бардым. Медициналық жағынан атада шағым жоқ. Күтім де шағым жоқ. Денесінде жарақаттар жоқ. Бірақ өзіңіз баласымен сөйлесіп қойыңыз деп».

Баласы ұрып-соққаннан кейін араға екі апта салғанда қария өз үйінде қайтыс болған. Дәрігерлер оның өлімін табиғи деп бағалап полицияға не аудандық ауруханаға хабарламаған. Тергеуге байланысты марқұмның денесі қабірінен қайта қазып алынып, эксгумация жасалған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына қарағанда, марқұмның алты қабырғасы сынған, омыртқа маңы қанталаған. Оған қоса мұрын сүйегі де сынып кеткен. Мамандар бұл жарақаттарды тірі кезінде қатты доғал заттың әсерінен алғанын анықтаған.

НҰРМАХАН ЕЛШІБАЕВ, ПРОКУРОР: «Өздеріңізге белгілі қоғамдық резонанс алған оқиға. Түрткі болған бейнежазба. Тергеу барысында аталған 3 бейнежазба бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Екі айппен айып тағылып сотқа берілді.  Нақты бейнежазбада көрініп тұр».

Дегенмен, мәйіттің шіріп кетуіне байланысты нақты өлім себебін анықтау мүмкін болмаған. Айыпталушы кінәсін толық мойындаған және өкінетінін білдірген. Ол сотта өзін фото, видеоға түсіруге қарсы болды.

Айта кетейік, сот сот тергеуін ертең жалғастырады. Онда іс құжаттары зерттеледі және қыркүйек айында әлеуметтік желіде тараған видеолар қаралады.

 

Дилара Иса