Илья Ильин енді шымкенттік ауыр атлеттерді жаттықтыратын болады. Соңғы жылдары жолы болмай жүрген спортшының үшінші мегаполистегі жаңалықтары мұнымен бітпейді.
Енді ол қаламыздағы М. Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің профессоры. Шымкентке келіп абыройы артқан палуан бүгін алғашқы дәрісін өткізді.
Ұзақ үзілістен соң жанкүйерлерін жаңа жеңіспен қуантқан Илья Ильин Шымкентке келді. Ташкентте топ жарған зілтемірші бұл жолы спорт залында емес, оқу ордасында. Ильяның Мұхтар Әуезов атындағы университет тарихымен танысуы бекер емес. Енді ол қаламыздағы білім ордасының профессоры.
Илья Ильин, ауыр атлетикадан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы: «Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Әрі күтпеген жерден жаңа ғылыми атаққа қол жеткіздім. Бұл менің жеңісті жолымның жалғасы деп білемін. Себебі бірер күн бұрын тағы да чемпион атандым. Енді міне профессор».
Осылайша су жаңа профессор студенттер алдында алғашқы дәрісін өтті. Алдымен өмір жолын баяндаған ол алғы сөзді соңғы жылдары кездескен қиындықтарынан бастады. Ал, жеңісті күндерінің естелігін көргенде оған деген сағынышын жасырған жоқ.
Зілтемірші спорт жолын қашан аяқтайтынын әзірге білмейді. Бірақ, білетінімен енді ОҚМУ спортшыларына бөлісіп отырады. Осылай деген оқу ордасының ұжымы Ильяның студент- спортшыларды қашықтықтан жаттықтыратынын айтты.
Владислав Иосипов, ОҚМУ өкілі: «Ильяны профессор етіп таңдаған себебіміз оның жас спортшыларға берері көп. Ол қайталанбас тарихи жеңістерге жетіп, одан айырылып та қалды. Енді міне алған бетінен қайтпай спорт биігін тағы да бағындыруға кірісті. Бұл кейінгі буынға үлгі».
ОҚМУ ұстаздарының айтуынша Ильин мұндағы профессор атанған алғашқы спортшы. Енді ол қала командасын онлайн түрде жаттықтырмақ. Одан бөлек мотивация беріп отырады.
Назерке Үкібасова