«Нұртас» шағынауданында салынып қойған үйлерді 25 метрге жылжыту керек. Өткен жылы шыққан жер комитетінің осындай шешімі тұрғындарды сарсаңға салды.
Белгілі болғанындай, жыл бұрын көше бойындағы кәсіпкерлік мақсаттағы жерге жол түсетіні анықталған. Ал, бұл мәселенің шешімін жауаптылар көршілерді ығыстырып таппақ.
Ырысбек Кенжебеков, қала тұрғыны: «Әу баста жол бойындағы кәсіпкерлік мақсаттағы бұл жер болмаған. Иесі қайдан екені белгісіз бертінде пайда болды. Енді келіп ол жер телімге жол түсетіні анықталыпты. Жер комитетіндегілер оған басқа жерден орын берудің орнына, бізді ысырмақ ниетте. Тіпті осылай қағаз да шығарып қойған. Енді келіп жол бойындағы жер иесі мені сотқа шақырып отыр. Жеріңді бер деп. Мен қалай беремін өз жерім болса. Жылжыта салатын киіз үйде тұрып жатқан жоқпын ғой?!».
Сөйтсе, көше басындағы жер біршама уақыт бұрын кәсіпкерлік мақсатта сатылып кеткен екен. Ал, кейін аталған учаске үстіне жол түсетіні анықталады. Ал, бұл мәселені комитеттегілер жер телімдерін жылжытып шешуді ұйғарыпты. Жауаптылардың бұл шешіміне келіспеген тұрғындар салып қойған үйлерімізді қайтеміз деп ашынады.
Тұрар Әбуова, қала тұрғыны: «Ырысбектің үйі немене киіз үй ма? Жоқ палатка ма? Әрі жылжыт десе, ысырыла салатын. Бұл жерде үлкен біреулер өз пайдасын ойлап, қара халықты қинап қойды. Ол адамға дәл осы жол бойындағы жер керек болғандықтан бізді кері итергісі келіп тұр. Бірақ, бұл дұрыс емес қой. Мұнда 100-ге жуық баспана бар. Оның барлығы қалай 25 метрге жылжиды?».
Түсірілім тобы келгенде жауаптылар да жұртшылықпен кездесуге келді. Сұхбат беруден ат тонын ала қашқан жер комитетінің маманы мәселені шешеміз деп сендірді.
Ал, «Нұртас» шағынауданына жауапты Қаратау ауданы әкімдігі мәселеден бейхабар екен. Сөздерінше енді шиеленіскен жер дауы назарларында болмақ.
Назерке Үкібасова