Тұншығып туған баланы емдейді

1179

Түркістан қаласындағы облыстық №3 перинаталды орталығының неонатологтары аса қажет құрылғыға қол жеткізді. Аталған перзентхананың техникалық жабдық базасы гипотермияға арналған TecoTerm Neo және электроэнцефалография аппараттарымен толықты. Бұл құрылғы тұншығып туылған нәрестелердің дұрыс тыныс-тауына көмектеседі. Құны 27 млн теңгелік құрылғы еліміздегі бес перзентханада ғана бар. Мұндай құнды құрылғыны «Халық банкі» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалының қолдауымен «Аяла» қайырымдылық қоры сыйлады. Дәрігерлер «тұншығып туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігіміз артты» деп отыр.

55 065 НӘРЕСТЕ ТУҒАН
Түркістандағы облыстық №3 перинаталды орталықтың дәрігерлері мұндай құрылғының қаншалық пайдалы екенін біледі. 27 млн теңгелік құрылғының құндылығы – оның бағасында емес, нәрестенің өмірін сақтап қалатынында.
Салмағы 6 кг болатын, шағын құрылғы асфексиямен туған сәбилерге жаңа дем береді. Түркістандық дәрігерлердің қолында бұған дейін мұндай құрылғы болмаған.
2019 жылы Түркістан облысында 55065 нәресте дүниеге келсе, олардың 7545-і облыстық №3 перинаталды орталығында дүние есігін ашыпты. Туған балалардың 38-і ауыр асфексияға шалдыққан. Босану кезінде тұншығып туылып, жүйке тамырлары зақымданған. Бүгінгі таңда сол балақайлардың 8-і неврологиялық асқынуға қарсы ем-дом қабылдап жатыр.
Қолда бар деректерге сүйенсек, сәби өлімінің 60%-ы жаңа туған нәрестелердің үлесінде екен. Олардың шетінеп кетуіне басты себептің бірі – орталық жүйке жүйесінің зақымдануынан. Мұның 70%-ы гипоксияның салдарынан болады..
Нәрестелердің өткір перинаталды асфиксиясының салдарынан бас миының гипоксиялық-ишемиялық бүлінуі туындайды екен.

АСФЕКСИЯ ДЕНДЕП БАРАДЫ


Дәрігер-неонатолог Бақытжамал Қожанованың айтуынша, жаңа туған сәби асфикcияға жүктілік немесе босану кезінде шалдығады. Аурудың жатыр ішінде дамуы, анасының жүктілік кезіндегі денсаулығына тікелей байланысты болады. Егер жүкті әйел қант диабетіне, анемияға шалдықса, инфекциялық аурулармен ауырса, жүктілік кезінде қан кетсе, көпсулылық (многоводие) не азсулылық (маловодие) болса, іштегі баланың миына оттегінің дұрыс жетпеуіне әкеп соғады.
Нәресте салмағының артық болып (4-5 кг) бас сүйегінің қысылып қалуы, немесе кіндіктің мойынға оратылып сәбидің тұншығуы, нәрестенің мерзімнен бұрын тууы (35 апта) да ми жасушаларын зақымдайды. Сондай-ақ кесарь тілігін жасату, толғақ кезінде дәрі-дәрмек қолдану да жаңа туылған нәрестенің ми жасушаларына кері әсер етеді.
Мұндайда дәрігерлер баланың денесін біресе суытып, біресе жылытып, қан айналымын реттеуге тырысады. Сол үшін кәдімгі резеңке қолғапқа мұздай су құйып, мұз басатын. Содан кейін баланың денесін жылытып әлек болатын. Бұл көп уақыт алады. Нәресте өмірі үшін жанталасып жатқанда әрбір секунд қымбат.

АСФЕКСИЯ БАЛАЛАРДЫҢ 90%-ын сауықтырады
«Гипотермия» аппараты автомат режимде жұмыс істейді. Баланың миы-на қажетті оттегі мөлшерін уақытылы жібереді, дене температурасын бақылап: не жылытып, не мұздатады. Осылайша миды «қоректендіріп», ми жасушаларын зақымданудан, өлуден сақтайды.
Балалардың сал ауруына, эпилепсия және түрлі физикалық және ақыл-ой ауытқуларына ұшырауына жол бермейді.
Бұл асфексиямен ауыратын балақайлардың 90%-ы денін сауықтырып, қалыпты өмірге бейімдеуге болатынын білдіреді.

– Асфексия (тұншығу) – қанда оттегі жетіспеушілігіне және көмірқышқыл газының көбеюінен болатын адам өміріне қауіпті патологиялық жағдай. Бір сөзбен айтқанда – кәдімгі тұншығу. Нәтижесінде мидағы жасушалар өледі. Зақымдану аймағына байланысты баланың денсаулығында кінәрат байқалады. Мәселен, құлақтың естімей қалуы, тіл мүкістігі, көздің нашарлауы не тірек-қимыл қозғалысының бұзылуы. Тағы да басқа ауруларға әкеп соғады, – дейді неонатолог Бақытжамал Қожанова.

ӘЙЕЛДЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАЙДЫ
Түркістандық дәрігерлер босану кезінде тұншыққан сәбилерді сауықтыру шараларының жеңілдейтініне қуанып отыр. Алайда олар өңірдегі ана мен бала денсаулығы мәселесін шешуде тек қана заманауи құрылғылар жеткіліксіз екенін айтады.
Ең алдымен, әйелдер өз денсаулығына күтіммен қарауы керек. Осы мәселеге келгенде нәзікжандылар немқұрайлық танытады. Әсіресе, ауыл-аймақтағы келіншектердің бейғамдығының соңы қайғылы аяқталып та жатады.
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 90-бабы бойынша, жүкті әйелдер 12 аптаға дейінгі мерзімде медициналық есепке тұрулары керек. Кеңес алуға ерте кезде келу жүктіліктің қиындықтарын анықтауға және босанудың нақты уақытын анықтауға дейінгі жүктіліктің өту жос-парын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда бізде қалай? Әйелдер жүкті бола тұра дәрігерге қаралмайды. Жүктілік кезінде іштегі шаранаға қажетті дәрумендерді қабылдамайды. Жеміс-жидек, көкөніс орнына майлы, ащы, «ауыр» тағамдарды жейді. Алғашқы 3 айда және соңғы триместрде күтінбейді. Ауыр жұмыс істейді, жүк көтереді. Толғақ қысқанда «пісіру керек» деп үйде жүріп алады. Мұның бәрі патологиялық ауытқуларға әкеп соғады,-дейді №3 перинаталдық орталықтың бас дәрігері Нұржан Талғатбекұлы.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Нұржан Талғатбекұлы ана мен бала денсаулығы тек дәрігерлердің ғана емес, сол әйел адамның өзіне де тікелей байланысты екенін айтады. Әйел денсаулығы жақсы болса, баласының да жетілуі дұрыс жүреді. Жүкті әйел денсаулығына күтім жасағанда мыналарды ескеруі керек:

1) Дұрыс тамақтану:
– Нан ( қара нан), бұршақ, жасымықтан жасалған ботқалар, кеспе, күріш;
–Жаңа піскен жеміс және көкөністер;
– Ет пен балық;
– Сүт тағамдары (күніне кем дегенде 1 литр): сүт, айран, йогурт, ірімшік, т.б.

2) Тынығу:
– 8-9 сағат ұйықтау керек;
– Тыныс алуға арналған жаттығулар;
– Қан айналымын жақсартатын жаттығулар;
– Таза ауада серуендеу;
– Шомылу.

3) Зиянды әдеттерден бас тарту:
– Кофе, шай, газдалған сусындар ішпеу;
– Алкоголь, темекі қолданбаған жөн;
– Тұзды, майлы тағамдарды ішпеген жөн;
– Компьютер, теледидар, ұялы телефонды көп қолданбаған жөн.
4) Витаминді-минералды дәрумендерді уақытында қабылдау

КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗУДА
Ұлт денсаулығына алаңдаған «Аяла» қайырымдылық қоры әлемнің түкпір-түкпірінде ана мен бала денсаулығына қатысты орын алған жағымды жаңалық, қандай да жаңашылдық бола қалса, соны Қазақстанда ендіруді мақсат етеді. Талай жанға ота жасатуға, дәрігерлерге біліктілігін шыңдауға көмектесіп келеді. Атап айтсақ, қордың алғашқы үлкен жобасы Алматы қаласындағы балалар қалалық клиникалық инфекционды ауруханасының (БҚКИА) реанимациялық бөлімін жабдықтау болыпты.
Бұл жабдықтар реанимация қызметкерлеріне көптеген ауыр халдегі балалардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Қордың ең үлкен жобасы «Тыныс ал, балақай» жобасы болды. 2009-2011 жылдарда Алматы қаласындағы барлық босану үйлері мен перинаталды орталықтарының балалар реанимация бөлімдері замануи медициналық жабдықтармен толықты.
«Менің де өмір сүргім келеді» жобасы аясында қордың мұрындық болуымен Сызганов атындағы ҰҒХО-ның дәрігерлер бригадасы Бергамо қаласындағы кардиохирургиялық клиникасында тәжірибе алды. 2010 жылы кардиохирург, анестезиолог, перфузиолог дәрігерлері 292 балаға ота жасады.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №5, 29 қаңтар 2020 ж